Бірыңғай мектеп формасы – заңды талап

Елімізде оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру мақсатында уақыт тынысы, заман талабына орай көптеген ізденісті істер жүзеге асып жатқандығы белгілі.

Соның бірі соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген мектеп формасына да қатысты. Осы ретте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығы да болды. Бүгінде ол қалай жүзеге асуда? Балаларымыз қандай үлгідегі форма киетін болды? Оқу жылы қарсаңындағы бір сұхбатымыздың тақырыбы болған бұл мәселеге орай аудандық білім бөлімінің басшысы Айбатыр Бекішұлын әңгімеге тарттық.

-Кейінге көз салсақ, сонау тоқсаныншы жылдары мектеп формасы туралы әңгіме болмайтын. Әркім, әр ата-ана ұл-қыздарына мүмкіндігі келгенінше мектепке киетін киімді өзі таңдады немесе әр оқушы мүмкіндігіне қарай киінді. Уақыт өте келе мұның өзі оқу-тәрбие ісіне кері әсерін тигізетіні айтыла бастады да, соңғы кезде мектеп формасы жайы жі сөз болатын болды. Тіпті, әр мектептің өз формалары да пайда болған жағдайлар кездескені рас. Қазір қалай болып жатыр?

-Біздіңше, мектеп формасы да тәрбие ісінде өзіндік рөлге ие. Білім және ғылым министрлігінің алдыңғы жылы алынған №26 бұйрығы да сол сеептен өмірге келген. Облыстық білім беру басқармасы да аталған бұйрықта бекітілген мектеп формасына қойылған талаптарды басшылыққа ала отырып, 2018-2019 оқу жылынан, яғни алдағы оқу жылынан бастап облыс көлемінде бірыңғай мектеп формасының үлгісін дайындаған болатын.

Аудандық білім бөлімі мектеп оқушыларының бірыңғай мектеп формасының үлгісін енгізу бойынша биылғы мамыр айында мектептер оқушылары, педагогикалық ұжымдар және ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заңнамаға сәйкес тиісті талқылаулар да өткізген болатын.ол уақытта біраз пікірлер де ортаға салынды, ең бастысы, соларың дені мектеп формасының керектігіне тоқайласты. Талапты орындау мақсатында аудандағы барлық білім беру ұйымдарында мектепке кіре берістегі көрнекі жерлерінде бірыңғай мектеп формасының сипаттамасы бар ақпараттық стенділер ілініп, мектеп сайтында ақпарат орнатылды. Жаңа 2018-2019 оқу жылында әрбір мектеп басшылығы ата-аналармен жасалған екі жақты келісім-шартқа бірыңғай мектеп формасын сақтау жөнінде тармақ енгізді.

- Қазақ жерінде ең алғашқы мектептердің оқушыларында мектеп формасы деген ұғым болмаған делінеді. Уақыт өте келе мектеп оқушылары қоңыр түсті көйлектер мен фартук киіп, алмалы-салмалы жағалар тағып жүретін болған. Қыз балалар мереке күндері қоңыр түсті көйлек пен ақ фартук, ал былайғы күндері қара фартук киіп, бастарына бантик байлаған. Ұл балалар да бір түсті костьюм, ақ көйлек киді. Олардың қатарында өзіміз де болдық. Ал, енді, қазіргі бекітілген форма қандай?

-Жалпы, бірыңғай мектеп формасы – заңды талап екендігін айта кетуді артық көрмеймін. Форманың түсі қою қара көк болып келеді. Ұл балаларға да, қыз балаларға да өздерінің таңдауы бойынша ақ жейде кию ұсынылып отыр. Ұл балалар үшін: үсті, негізгісі – жилет (күннің суық мезгілінде – пиджак, трикотаж жилет), асты - классикалық үлгідегі шалбар (ұзындығы – тобықты жауып тұрады). Ал қыз балалар үшін де үсті, негізгісі – жилет (күннің суықты мезгілінде – пиджак, трикотаж жилет), ал асты: үлгісі таңдауы бойынша белдемше (етек ұзындығы – тізе тұсында және тізеден 5 см-ге дейін жоғары не төмен болмауы керек). Талап бойынша жилеттің кеуде ойығы өте үлкен болмауы керектігі де ескертіліп отыр.

- Мектеп формасы енгізілуінің негізгі мақсаты мектепте оқу-іскерлік ахуалды қолдау, тәртіпті нығайту, социумда мектеп беделін көтеру, оқушы тұлғасының адамгершілік қасиеттерін дамыту, оның мәдениетін арттыру, қазіргі заман қоғамымен талап етілетін мектеп бітіруші үлгісін қалыптастыру екендігі айтылып жүр. Ал оның артықшылықтары туралы не дер едіңіз?

- Бірыңғай мектеп формасының негізгі артықшылықтары, біріншіден, мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне, психологиялық қысымдардың орын алуына жол бермейді. Екіншіден, кез-келген форма белгілі бір мекемеге қатыстылықты білдіретіндіктен, яғни, мектеп формасы – оның оқушы екендігін әйгілеп тұрғандықтан, оқушыға мектеп алдындағы жауапкершілікті жүктейді. Үшіншіден, әртүрлі жағдаймен облыс көлемінде мектеп ауыстыру қажет болған жағдайда, бұрынғы мектеп формасын жаңа мектептің талабына сай ауыстыруға тура келмейді. Осы тұста бірыңғай мектеп формасының тиімділігін көреміз. Бұл жерде ата-аналар да артық шығынданбайтын болады. Бірыңғай мектеп формасына көшкенде балаларға тиімді жағы ерекше қарастырылатын болса, бұдан ұтарымыз көп деп ойлаймын. Ұл бала мен қыз балаға лайықты жасалған киім қоғам тарапынан ешқандай теріс пікірге алып келмейді. Сондықтан да барлығына ортақ бір құндылыққа, барлығымызға ортақ бір стандартқа бекігеніміз жөн. Бүгінгідей, сыртқы форманың ішкі нәзік мәселелерге әсері орасан болып отырған жағдайда, әлеуметтік теңсіздік, діни пікір мен азаматтық пікірдің саналуандығы орын алып, рух таразысының теңселіп тұрған уақытында, қай істе де біркелкілік пен бірыңғайлылық қажет-ақ.

-Әңгімеңізге рахмет.

Айтайын дегенім

Оңдасын МАХАТОВ, ата-ана:

- Мен мектеп формасының енгізілуіне қолдау білдірушінің бірімін. Оған себеп, форма жоқта оқушылардың киім киюі мектептерде әлеуметтік теңсіздікті анық көрсетіп тұрды. Оқушылар әлеуметтік дәрежесін пайдаланып, қолы жеткендері қымбат бағалы киімдер кие бастады, оған мүмкіндігі жоқтары жұпынылау киінетін болды. Қазақ «адам көркі - шүберек» демей ме, шүберек бәрін көрсетіп тұрады екен. Енді, оқушылардың бірдей форма киетін болғаны – мектептегі сол сүйкімсіз көріністі жоятын болды. Бұл – өте құптарлық жайт. Мен айтар едім, енді мұғалімдер де елімізде бірдей формада киінуі керек. Жалпы, қандайма білім, тәрбие орны болсын қарапайымдылық қадірін арттыратынын ойлайық. Әрі мұғалімдер өз формаларын киюімен, күтіп ұстауымен де оқушыларға үлгі болған болар еді.

Анаргүл ҚЫДЫРСИЫҚҚЫЗЫ, ата-ана:

- Бірыңғай мектеп формасын енгізу орынды деп санаймын. Оны тігетіндер – жергілікті тігін кәсіпорындары. Демек, бұл бір жағынан отандық кәсіпкерлердің жұмысын жандандырып, бизнесінің жүруіне септігін тигізбекші. Ал, оқушы формасының бағасына келсек, әрине, арзан емес, 10-12 мың теңгенің аралығы. Бұл баға қолжетімді деп айта алмаймын. Тағы бір мәселе, қазір кей мектептерде оқушыларға арнайы тігілген эмблеманы сатып алу да ұсынылуда, бағасы – 1000 теңге. Бұл, қарап отырып ата-аналардың қалтасына түсу емес пе? Министрліктің бұйрығында да «мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер және т.б.) салуға болады» деп қана көрсетілген, бірақ, міндеттемеген. Ендеше, ата-анаға босқа салмақ салмау да керек.

Жоламан Дәулетияр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521