Дарынымен дараланған исатайлық жастар «Елбасы медалін» иеленді

Исатай аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева Оқушылар үйінің директоры Ақтолқын Шайхықызын, «Елбасы медалі» клубының тәрбиеленушілерін және клуб жетекшісі Айдана Байболатованы қабылдады.

Қабылдауда Гүлайна Құрманғалиева «Елбасы медалі» жобасының маңызына тоқталып, оқушылардың білімін арттыруда септігі мол екенін атап өтті.

i

- «Елбасы медалі» жобасы аясында сіздердің жұмыстарыңыз үздік нәтиже көрсетті. Сайып келгенде, бұл – ең алдымен өздеріңіздің оқыған білімдеріңіз бен үздіксіз ізденістеріңіздің жемісі. Қазіргі кезеңде жаңа форматпен оқи отырып, жаңа заманға лайық қоғам қалыптастыруда сіздердей шәкірттердің көп болғаны біз үшін зор мақтаныш. Сіздердің ойлау қабілеттеріңіз, өзгерістер мен дамуға деген талпыныстарыңыз өте ерекше. Соның арқасында осындай ауқымды жобаға қатысып, облысымыздың намысын қорғаған сіздерге алғысым шексіз. Сондай-ақ жобаға қатысуға мүмкіндік жасаған Ақтолқын Шайхықызына және клуб жетекшісі Айдана Жамбылқызына да ризашылығымды білдіремін, - деді және дарынды оқушылар – Әйгерім Шакидолла, Тұрсынай Төребаева, Айсана Ерғали және Еркеназ Әлібекованы «Елбасы медалі» жобасының қола медалімен марапаттады.

i

- «Елбасы медалі» жобасы жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жоба болып есептеледі. Жоба 7 негізгі бағытты, яғни, спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар, жорықтар, еңбек практикасын қамтиды. Ол 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған. Оған қатысу арқылы, жастар өз уақытын басқаруға, мақсат қоюға және оған жүйелі түрде қол жеткізуге, салауатты өмір салтын ұстануға, өзін-өзі дамытуға дағдыланады. Аудан бойынша «Елбасы медалі» клубы аудандық Оқушылар үйінің жанынан ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап ашылып, жұмыс жасауда. Қазіргі таңда клубта 36 тәрбиеленуші осы жоба аясында біліктіліктерін шыңдауда, - дейді «Елбасы медалі» клубының жетекшісі Айдана Байболатова.

Айта кетейік, бұған дейін аудан бойынша «Елбасы медалін» алғаш рет өткен жылы Атырау облыстық Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің түлегі, аққыстаулық Аружан Семғалиева иеленді. Міне, араға айлар салып, тағы да төрт жерлесіміз бірегей жобада топ жарып, үздіктердің қатарынан көрінді. Сондай-ақ «Елбасы медалінің» бүгінгі иегерлері Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің 10-11 сынып оқушылары екенін де айта кеткен жөн.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521