Елордадан жеткен марапат

Желтоқсан айында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес АҚ ұйымдастыруымен «Туған елің – Қазақстанды жақсы білесің бе?» тақырыбымен балалар байқауының республикалық кезеңі өтті.

Оған ауданымыздан Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп оқушыларынан құралған «Білім құмар – жер тұрғындары» тобы қатысып, республикалық кезеңнің аймақаралық топтар арасында жүлделі ІV орынға ие болды.

Байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру бойынша Жол картасын іске асыру мақсатында 5-7 сынып оқушылары арасында өтті. 

Оқушыларға «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес АҚ төрағасы Асылбек Есенбаевтың жолдаған марапатын табыстаған аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Арманбек Махмутов білім додасында көзге түскен озат оқушылардың болашақта алар асуларының биік боларын тілге тиек етіп, топ жетекшісі, аталмыш мектептің тарих пәні мұғалімі Алтынай Сағынғалиға ризашылығын жеткізді. Өз кезегінде Алтынай Сағынғали байқау нәтижесінде оқушылар елімізге қатысты көптеген қажетті мағлұматтар алып, білім көкжиектерін кеңіткенін атап өтті.

- Байқаудың аудандық және облыстық кезеңдерінен іріктеліп, республикалық кезеңге жолдама алудың өзі үлкен жетістік. Себебі, байқаудың шартына сай, әр кезеңде оқушыларға кітаптар оқу міндеттеліп, соған сай, қатысушы топтарға еліміздің тарихымен ұштастырылған сұрақтар қойылып, нәтижесінде жеңімпаз топтар іріктелді. Байқаудың әр кезеңіне дайындалу барысында біздер оқушыларымызға кітапханадағы қажетті кітаптарды ұсынып, көптеп оқытуға жұмыстандық. Нәтижесінде оқушылардың кітап оқуға деген құштарлықтары артып, еліміздің тарихы, географиясы, астрономия және салт-дәстүрлерге қатысты көптеген қажетті ақпараттармен танысты. Оқушыға үйреніп, білген еш уақытта артық болмайды, -  дейді тарих пәнінің мұғалімі.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521