Ер-азамат Еркебұландай болсын

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің де басты мақсаттарының қатарында елге адал қызмет етуге ниетті жастарды жоғары әскери оқу орындарына іріктеу жұмыстары кіреді.

Қиын да күрделі әскери өмірді қалап алған жастарымыздың арасында алдағы өмір жолын әскери қызметпен байланыстырғысы келетіндері де баршылық. Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында білім алып жатқан бір ауылдасымыз оқуын аяқтап, қазіргі кезде еңбек жолын бастап та кеткен болатын. Ол - бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған жас әскери маман, лейтенант Еркебұлан Русланұлы.

Е.Қибажанов 2013 жылы орта мектепті аяқтап, жастық жалынмен аталмыш оқу орнына түскен болатын. Болашағын әскери өмірмен байланыстырғысы келген Еркебұлан, бізбен болған әңгімесінде: «Жасырмаймын, қиындық болды, бірінші кезекте намыс, алға қойған мақсат пен ата-ананың үмітін ақтау деген ұғым тұрғанда төзесің. Бес жылдың қалай өткенін сезбей де қалдық. Ауылымыздың жастарын, інілерімді әскери қызметті таңдауға кеңес берер едім» дейді. Еркебұланға биіктерден көріне бер демекпіз. Осындай алдағы ағаларына қарап, бой түзеп келе жатқандардың бірі Жайсан Дарменұлы жақында Құрлық әскерлерінің әскери институтының 2-курсын бітіріп, кезекті демалысын алып, ауылға келеді.

Биыл да әскери жоғары оқу орнын таңдап отырған үміткерлеріміз жоқ емес.

Қазіргі Қарулы Күштеріміз денсаулығы мықты, психологиялық жағынан дайын, бүгінгі заманғы әскери құрал-жабдықтар мен технологиясынан жан-жақты хабары бар, шет тілін меңгерген, білімді де білікті офицерлермен толықтырылуда. Жаңағы жоғарыда есімдері аталған жастарымыз осы үрдістен шығып, сенімімізді ақтайды деген үміттеміз. Ендігі жерде Отанымызды қорғайтын да осы азаматтар. Бабалардан қалған батырлық пен ерлік те осы жастарымыздың бойынан табылғанына мақтанамыз.

Алдағы жаңа оқу жылына жоғары сыныпқа аяқ басар еліміздің болашағы, елін қорғайтын патриоттарымыз - мектеп бітіруші түлектер жазғы демалыстарын бос өткізбей, спортпен шұғылданып, өздерін психологиялық тұрғыда шыңдап, мамандық таңдауда осы бас-тан ойланып, дұрыс шешім қабылдайды деген сенімдеміз.

Еліміздің жоғары әскери оқу орындарына құжаттар тапсыру, сонымен бірге, басқа да мағлұматтар алу үшін Исатай ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне (Аққыстау ауылы, Ынтымақ көшесі, №23 үй) келіп, не болмаса 2-08-51, 2-07-53, 2-07-41 телефондарына хабарласуға болады.

Лена ТУЛЕГЕНОВА,

аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің инспекторы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521