Бүгін «Білімді ұлт-тұрақты даму кепіл» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің Исатай аудандық тамыз конференциясының пленарлық сессия отырысы өтті.
Аталмыш сессия отырысына аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Халидоллақызы, аудандық білім беру ұйымдарының педагогтары, ардагер ұстаздар, ата-аналар комитеті төрағасы және селекторлық режимде басқа да мекеме басшылары қатысты.
Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Халидоллақызы ұстаздар қауымын келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, кешегі «Облыс педагогтарының форумы - 2021» салтанатты жиынында «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған Новобогат орта мектебінің тарих және құқық пәндері мұғалімі Қалеш Хамзинді және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған Исатай ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Сағираш Беркалиева мен Ш.Шәріпов атындағы аудандық балалар саз мектебінің домбыра сыныбы мұғалімі Зоя Насихановалардың жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары «Үздік педагог – 2021» байқауының жеңімпазы мен жүлдегерлеріне дипломдар және өз ісін абыроймен атқарып жүрген бірқатар ұстаздарға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың Құрмет грамотасын табыстады.
Одан әрі күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша Атырау облыстық білім беру басқармасы Исатай ауданы білім бөлімінің басшысы Гүлайна Махмудақызы аудандық «Нарын таңы» газетінің кезекті басылымына шыққан 2020-2021 оқу жылындағы оқу-тәрбие жұмысының қорытындысы, жаңа оқу жылындағы оқу-тәрбие беру процесінің жаңа жолдары төңірегінде өрбіген баяндамасын кеңеске қатысушыларға мобильдік телефонның QR-код қосымшасы арқылы таныс болуды ұсынды. Сондай-ақ бөлім басшысы Г.Махмудақызы ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, жаңа оқу жылынан бастап оқу жүйесі дәстүрлі форматқа көшірілетінін және жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттайтын 1 сынып оқушыларына «Әліппе» оқулығы табысталатынын қуанышпен жеткізді.
Жаңа оқу жылының басталуына орай өткізілген «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңесінде өткен жылғы жетістіктер, жаңа оқу жылына бағытталған тың жоспарлар, білім, тәрбие беру мәселелері де сөз болды. Педагогтардың қазіргі жағдайға орай, кәсіби бағдарлай алуы, оқушының тәрбиелеуде мектеп пен отбасының маңыздылығы, және де рухани-патриоттық тәрбиенің негізі тақырыптары талқыланды.
Жиын соңында білім саласының дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген бірқатар ұстаздар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі, облыс әкімі және облыстық Білім басқармасы басшысының Құрмет грамота, алғыс хаттарымен марапаталды.
Әділбек СЫРЫМОВ