Исатай ауданының оқушылары «Елбасы медалінен» үмітті

«Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деп айтқан ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болашақ  жастарға үлкен үміт пен сенім артып, көптеген бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырып келеді.

Соның бірі де бірегейі – «Елбасы медалі» жобасы.

«Елбасы медалі» жобасы – заманауи білім алып, креативті, зияткер ортаның мүшесі болғысы келетін жастарға арналған бірегей ұлттық жоба.  Жастардың бойнда өз бетінше даму дағдыларын қалыптастыру – жобаның басты мақсаты. «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысу тәртібі Үкімет қаулысымен бекітіліп, Тұңғыш Президент қорының қолдауымен өтіп жатыр.

Жобаға тек үлкен қалалардан ғана емес, ауыл оқушылары мен жастары да қатыса алады. Сонымен қатар Елбасы медалінің иегерлері білім беру гранттарын алу артықшылықтарына ие. Осы жобада ауданымыздың жалынды жастарының деңгейін көтеріп, белсенділігін арттыру мақсатында ментор қызметін атқарып келе жатырғандықтан Оқушылар үйінде «Елбасы медалі клубы» үйірмесі құрып, жетекшілік етуді бастадым. Жаңа оқу жылы басталғалы бері аудандар арасынан Исатай ауданы оқушыларының қызығушылығын байқаған жобаның координаторы Алтынбек Раушанбекұлы біздің оқушылармен арнайы кездесуге келді.

Кездесу барысында ауданға арнайы ат басын тіреген  қонағымыз Алтынбек мырза оқушыларымызды жан-жақты болуға шақырып, біздің оқушылардың жобадағы белсенділігін ерекше атап өтті. Оқушылар үйінің директоры Ақтолқын Шайхықызы кіріспе сөз сөйлеп, ұлттық жобада бақтарын сынаушы үміткерлерімізге сәттілік тіледі. Жас ақындарымыз Ерғали Айсана, Асқарова Айкен, Ескендір Асылажар жүрекжарды жыр шумақтарын арнаса, Жұмабекова Әсемай күмбірлете күй шертті.

Тренинг барысында жоба арқылы жаңа достар тапқан оқушыларымыз қызығушылықтарының одан әрі артқанын  жасырмады. Оқушыларды жан-жақты дамытуға жол ашатын мотивацияға толы кездесу қатысушылардың шынайы эмоцияларына толып, ыстық ықыластарымен қорытындыланды.

Айта кетелік, бұған дейін аудан бойынша Елбасының медалін алғаш иеленген Семғалиева Аружан есімді  қатысушымыз болатын. Сол секілді дарынды, жалынды жастардың қатары көбейіп, аудан мәртебесі асқақтай берсін!

 

                                                     Айдана БАЙБОЛАТОВА,

                    «Елбасы медалі» жобасының менторы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT