Осы жылдың мамыр айында «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» байқауының республикалық кезеңі өткен болатын.
Байқаудың басты міндеттері қазіргі жағдайда жұмыс істеу үшін қажетті құзыреттілікті дамыту, педагогтердің үздіксіз кәсіби өсуі мен педагогикалық шеберлігін қамтамасыз ету, мектепке дейінгі білім берудің инновациялық әдістерін, құралдары мен технологияларын анықтау және қолдау, педагогтердің шығармашылық бастамаларын дамыту және инновациялық қызметке ынталандыру, тәрбиеші мамандығының беделін арттыру, мектепке дейінгі білім беру педагогтеріне үздік тәжірибемен танысу үшін жағдай жасау болды.
ҚР Оқу - ағарту министрлігі «Балаларды ерте дамыту институты» республикалық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған байқауда әр облыстан іріктелген барлығы 17 үміткер бақ сынады. Аталмыш білім бәйгесіне Атырау облысынан облыстық кезеңнің жеңімпазы, Исатай ауданының тумасы, «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасының педагог-сарапшысы Қарақат Жақсымбетова қатысты.
Нәтижесі екі айдан астам уақытқа созылған байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлерінің есімі шілде айының 28-і күні ғана белгілі болды. Байқау барысында өзінің кәсібилігі және біліктілігін көрсете білген жерлесіміз Қарақат Жақсымбетова қазылар алқасының шешімімен бұл сында І орынды иеленіп, облысымыздың абыройын асырды.
-Ережеге сай «Мен – педагогпын» атты кезеңде әрбір қатысушыға берілген уақыты бойынша онлайн сұхбат алаңына шықтым. Өз шығармашылық жұмысымды қорғап, байқаудың қазылар алқасы қойған сұраққа жауап бердім. «Педагогтің Е-портфолиосы» және «Балалармен өткізілген қызықты сәт» секілді бөлімдері бойынша құжат электронды түрде жіберілді, дейді жеңімпаз жерлесіміз.
Айта кетейік, байқаудың бұл кезеңі қашықтықтан өткізілді.
Әділбек СЫРЫМОВ