Ұлағатты Ұстаз – ұлт мерейі

Кез келген талапты оқушыны білімнің асқар биігіне шығаратын тек қана білімді ұстаз екендігі даусыз.

Мұғалім, ең алдымен, оқушыларды сапалы біліммен қаруландырып қана қоймай, қоғамдық өмірге де тәрбиелей отырып, олардың жүрегіне жол тауып, өшпес із қалдырады. Сондықтан болар, әр оқушының уақыт өте келе мақтанышпен еске алатын ұстазының болуы заңды құбылыс.

«Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы - қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Ол адалдық пен шыдамдылықты, тынымсыз ізденіс пен ептілікті, білімділік пен тәрбиелілікті қажет етеді. Сонда ғана ұстаз деген абыройлы атты иеленуге болады.Еліміздің әр түкпірінде ұстаздықты ұлы бақыт деп білер мұғалімдеріміз адал еңбек етуде.

Соның бірі, ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған, зейнеткерлік жасқа келіп, мектеп ұжымына, шәкірттеріне сыйлы болып, еңбегі жанған ұстазымыз Наубетов Садуақас ағай жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі, ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнаған өнегелі жан.

Садуақас ағай жан-жақты, білімді де білікті, үлгілі де өнегелі ұстаз, зердесі зерлі абзал азамат. Ұстаз шәкіртінің білімін шыңдаушы, білімнің биігіне қанат қағып, талай асуларды бағындыру жолындағы демеушісі әрі қолдаушысы екені баршаға аян. Әлемнің екінші ұстазы атанған, ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз білім адамзаттың қас жауы» деген екен. Әрбір адам білім нәріне сусындамас бұрын тәлім-тәрбиеден өтеді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Соңғы жылдарда ұстазымыздың шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық шараларда білімдерін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтар болсам, 2008 жылы облыстық физика пәні олимпиадасында 10-сынып оқушысы Абдрахманова Айбарша ІІІ орын алса, 2015 жылы облыстық олимпиадада 10-сынып оқушысы Бақтиярова Гүлжайна және облыстық оқушылардың ғылыми жобалар сайысына қатысқан шәкірті Шайкосова Динара да 1-орындардан көрінді.

Наубетов Садуақас 2014 жылы физика пәні мұғалімдерінің республикалық олимпиадасындағы жетістігі үшін «Дарын» республикалық ғылыми практикалық орталығының сертификатын иеленсе, 2015 жылы облыстық «Жылдың үздік физика пәні мұғалімі» сайысына қатысып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті Атырау облысының білім саласындағы бақылау департаменті мемлекеттік мекемесінің физика пәні бойынша сарапшысы ретінде Атырау облысының мектептерін аттестаттауға араласты. 2016 жылы облыстық физика пәні мұғалімдерінің олимпиадасында ІІІ орын алса, 2017 жылы оның шәкірті Теміртасова Наргиз «Жас физиктердің» облыстық байқауында ІІІ орын алып, мектепті «Алтын белгімен» аяқтады.

АКТ-мен жұмыс істеу дағдысын игеріп, сабақта флипчарттарды кеңінен қолданды. Ағайдың сабақтары «45 minut.kz», «elp.kz» сайттарында жарияланды. Ағайдың үлкен еңбегінің арқасында ардагер ұстаз Қапарұлы Амангелді атымен аталған физика кабинеті интерактивті қолданудың 2009 жылдан қорына қатысып келеді және зертханалық орталығы жүйелі жұмысымен мектеп кабинеттері ішінде ерекше көрінеді. Табанды да жігерлі, іскер Садуақас Нау-бетов жыл өткен сайынғы ізденісінің нәтижесінде «Интерактивті физика кабинетін қолдану тәжірибесі» мен «Жылу машиналары» тақырыбындағы Оn-lіnе режиміндегі сабағы республикаға таратылды.

Тағылымы мол ұстаз нәтижелі педагогикалық жұмыстары үшін 1998 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен, 2018 жылы аудан әкімінің алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың құрмет грамотасымен марапатталды. Ағайдың Х.Наубетов атындағы орта мектепте еңбек еткен 39 жыл ішінде мектепті «Алтын белгімен» бітіріп және «Үздік аттестатқа» ие болған шәкірттері қазір республикамыздың түкпір-түкпірінде еңбек етіп, еліміздің дамуына зор үлестерін қосып келеді.

Ағай - нағыз ұстаз ғана емес, өз отбасының мәуелі бәйтерегі. Отанасы Лиза апай да өзінің саналы ғұмырын мұғалімдік қызметке арнаған, талай шәкіртке жол сілтеп, тәрбие берген аяулы ұстаз, бүгінде құрметті демалыста. Жан жары екеуі ұл-қыздарынан өрбіген немере-жиендерінің қызығына бөленіп отырған үлкен әулет ұйытқысы. Ұл-қыздары бұл күнде бәрі де ата-ана берген тәлімді тәрбие мен терең білімдерін ел мүддесіне жұмсауда.

Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, ғылымға сүбелі үлес қосып келе жатқан қазақтың осындай шоқтығы биік азаматтарының болуы біз үшін үлкен мәртебе. Мектебімізде ағайдың есімі ерекше мақтанышпен аталады. Әріптестері мен оқушылары зор беделге ие бұл кісінің әрбір басқан қадамын өнеге тұтып, қадірлейді. Ағай сияқты жұмысына шын берілген ұстаздар қатары көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Әсем АБДОЛОВА,

мектеп директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Жанбай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521