Мектепке дайындық отбасыларға оңайға соқпай тұр

Жаңа оқу маусымы жақындағанда бір жаңалық жылт етті.

Балалар жылында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және т.б. санаттағы қолдауды қажет ететін оқушыларға қыркүйектің қарсаңында берілетін материалдық көмек көлемі артты. Әрине, қуанышты жағдай, бірақ мұндай көмек бәріне бірдей берілмейді. Айталық, сондай көмек ала алмайтындардың арасында көпбалалы отбасылар бар. Оның үстіне, жығылғанға жұдырық, қымбатшылық та қатты қысып тұр. Осы орайда мектеп тауарларының құнына шолу жасап, мәселеге тереңдеп көрдік.

Бір балаға қажетті заттарды есептегенде...

Әуелі ұсақ-түйекті түгендеп көр­мекке елордадағы кеңсе заттар дүкеніне бардық. Көзбен көргенді жазайық. 1-сыныпқа баратын оқушының қажетіне қанша кететінін болжап бағайық.

12 беттік дәптер 45 теңге тұрады екен. Бір тоқсанға кемі 40 дана керек десек, 1 800 теңге дәптерге кетеді. 8 түсті 16 беттік жұмсақ қағазы – 145 теңге, сурет салатын альбомы – 195 теңге, сызғышы – 175 теңге, 5 түсті картон қағазы – 265 теңге, 20 беттік дәптер қаптың жинағы – 450 теңге, қалам-қарындаштың қорабы (пенал) – 350 теңге, бір данасы 370 теңге тұратын кітап қаптың 20-сына – 7 400 теңге, кітапқа тіреуіш – 980 теңге, 6 түсті ермексаздың бір қорабы – 285 теңге, 6 түсті акварель бояуы – 315 теңге, үш данасы бар бояуға арналған қылқалам – 1 100 теңге, 12 түсті қарындаш – 1 100 теңге, қат­ты мұқабамен күнделік – 700 тең­ге, «Айгөлек» қаламының 4 да­насы – 200 теңге, 21 грамм қағазға арналған қарындаш-же­лім – 120 теңге, өшіргіш – 55 теңге, ұш­тағыш – 120 теңге, 13 санти­метрлік қағаз қайшы – 325 теңге. Бірсыпыра түгендегендей болдық, осы майда-шүйденің өзіне 16 080 теңге жұмсалады. Бұл заттардың көбі тоқсанға жетсе жақсы.

Енді ірі заттарға көшелік. Кітап, дәптер салатын арқа сөмке 6 мың тең­геден басталады, бірақ оның өзі мектепке дейінгі балаларға деп көрсеті­ліп­ті. Мектеп оқушыларына, соның ішінде бастауыш сынып балаларына арналған сөмкелер 7 мың теңгеден жоғары. Ал аяқкиімге арналған дорба-сөмкелер 5 040 теңгеге қолжетімді. Кө­лемді заттарға кемінде 12-15 мың теңге қажет.

Киімге келейік, астанадағы 3 түрлі киім дүкенін қарадық. Ұлдардың кос­тюм-шалбары 20-23 мың теңгенің шамасында. Ал қыздардың киімі (жакет, белдемше мен шалбар) 27-32 мың теңгенің жобасында. Күнделікті аяқ­киім­ді 7-10 мың теңгеге табуға бо­лады. Ақ жейде 5 мың теңгенің айна­ласында, ақ майкалар 2 мың тең­геден, белдіктер 1,5-2 мың теңге көлемінде, шұлықтар 2 мың теңге тұрады. Бұған спорттық киімді қо­са­йық. Арнайы спорттық заттар дү­кен­дерінде балалардың кос­тюм­дері 15 мың теңгеден жоғары. Де­ген­мен былайғы базарлардан 10 мың теңгеге де табуға болады, сондықтан біз 10-20 мың теңге деп шамаладық. Спорттық аяқкиімдер де 10-20 мың теңгенің айналасында. Сонда бас-аяғы ұлдың «біркиеріне» – 58-84 мың теңге, қыздың киіміне 63-91 мың теңгенің жо­ба­сында қаражат керек.

Сонымен, дөңгелектесек, ұл баланы мектепке дайындауға 86-115 мың теңгедей, қыз балаға 91-122 мың теңгедей жұмсалады. Оқырмандарға көр­сетілген сома барынша шақтап, базар­дағы орташа емес, ортадан төмен баға­лармен есептелген болжам еке­нін ескер­ткіміз келеді. Өйткені бағалар көр­сетілген сомадан әрі қарай ша­рықтай береді, оның шегін ата-ана өз қалтасына қарай белгілейді.

Өңірлерде баға өсе түскен

Жоғарыда шолу жасап, шамалап есебін шығардық. Бірақ өмірде қалай? Және өз есебімізде тауары да, дүкені де көп мегаполистердегі (Алматы мен астанадағы) бағамен есептедік. Өңірлерде қалай? Өскемен қаласында тұратын Дидар Ерланқызы тұңғышын биыл 1-сыныпқа бергелі отыр. Ол бір ай бұрын, яғни тауарлар түсе салысымен негізгі заттарын алып қойғанын жеткізді.

«Бір баланы мектепке дайындауға жоқ дегенде 150-200 мың теңге ақша керек. Мысалы, біз оқу жылы жақындағанда тауарлардың бағасы қымбаттап кететінін ескеріп, 1 ай бұрын негізгі керек-жарағын алып қойдық. Мектепке ұстайтын сөмкесі 10 мың теңгеге шықты, қазір сол біз алған сөмке 15 мың теңгеге қымбаттап кетті. Спорттық киімі 15 мың теңге, спорттық кроссовкасы 12 мың теңге, мектептің ішінде ауыстырып киетін кроссовкасы 7 мың теңге, туфлиі 10 мың теңге болды. Біз алған туфли қазір 20 мың теңгеден тұр. Ал мектеп формасы (костюм, шалбар, жакет) 30 мың теңгеге шықты. Біз бір ай бұрын көргенде жакетсіз костюм мен шалбардың ең арзаны 18 мың теңгеден тұрды. 6 мың теңгелік 2 ақ жейде 12 мың теңге, ақ түсті майканың екеуіне 5 мың теңге жұмсадық. Күзге қарай ақ жейденің ішінен киетін мойны бар ақ түсті жемпір, жылы шалбар алу қа­жет», дейді Д.Ерланқызы.

Өскемендік ата-ана әлі дәптер, қалам, сурет салатын альбомдар, өшір­гіш, ұштағыш деген майда-шүй­де­лерді алмапты. Өйткені мұғалімдері нақты тізім жазып бермеген екен.

«Мұндай заттарды мектептің нұс­қа­уымен алған жөн. Былтыр баламызды дайындық сыныбына бергеннен біле­міз, кітаптарын 25 мың теңгеге сатып алдық. Оған қосымша дәптерлері бар және 1-ші, 2-ші деп келетін жұмыс дәп­терлерін сатып алуға тура келеді. Кеше байқап көрдім, 12 беттік жай дәптер бізде 85 теңге тұрады, осыдан-ақ қалған заттардың бағасы қымбат еке­нін шамалап отырмын», дейді Д.Ерланқызы.

Көпбалалы отбасылар қайтпек?

Әлеуметтік желідегі көпбалалы әке жақында жариялаған жазба­сын «7 баласы мектепке барғалы отыр­­ған танысым есіме түсіп кетіп жылағым келді...» деп бастапты. Желі­ге елор­да­дағы ең арзан саналатын базар­дың фотосын жүктеген Бердібек Хабай жоғарыдағы жазбасын әрі қарай былай жалғапты:

«Баға деген аспанда... Ұйқым кел­мейді. Кеше жексенбі болғандықтан бала­ларға мектепке киім-кешек алуға базар­ға шықтық. Жағамды ұстадым. Өткен жылғымен салыстырғанда 2 есеге қымбаттап кеткен. Біз осы жылы 3 баланы мектепке жібереміз. Осы үш балаға бір қабат қана киім алуға жаз бойы тірнектеп жинаған ақшамыз жетпей қалды. Мысалы: сөмке ең арзаны – 8 мың теңге×3, аяқ киім ең арзаны – 9 мың теңге×3, ұлыма костюм, ең арзаны – 22 мың теңге. Дәптер, қалам, қарындаш, сызғыш, өшіргіш, бояулар, т.б. ұсақ түйекке бақандай 32 мың теңге кетті. 9-сынып пен 2-сыныпқа баратын қыздарыма ең қажет деген киімдерін алдық. Содан соң дене шынықтыруға (ең арзанынан 1 саты жоғарысын алдық, себебі баланың әрекеті белгілі, сәл сапа керек мұндайда) киетін киім мен аяққиім­деріне 58 мың теңге кетті. Со­ны­мен, қойшы, 200 мың теңге ақ­шамыз жетпей, томсырайып үйге келдік. Балаларға балмұздақ алып бере алмай қалдық қой. Рас айтам. Енді отырмын, күз келеді, тағы аяқкиім, жылы күздік киім керек. Сосын қылы­шын сүйретіп қыс келеді, онда не боламыз деп... Алла сабыр берсін».

Біз желі қолданушы ата-ана Б.Ха­бай­ға осы жазбасын мақалаға қосу үшін алдынан өтейік деп хабарластық. Сонда кейіпкеріміз біз сөз басында қозғап, кейін мақалада толығырақ құлақтандыруды көздеген тақырыпқа алып келді.

«Мемлекет жыл сайын әр балаға жаңа оқу жылында материалдық көмекке қаражат бөледі. Бұл сома биылдан бастап 38 мың теңгеге жобалады. Бірақ оны көп отбасы ала алмайды. Мысалы, мен көпбалалы әкемін, 3 балам мектепке барады, алайда мен жоғарыдағы мемлекеттік көмекті ала алмаймын. Себебі жолдасым екеуміздің жалақымызды бала санына бөлгенде ең төменгі табыс көлемінен асып кетеді. Дамыған елдерде мемлекет мектепте оқитын әр балаға жаңа оқу жылында бір реттік көмек береді. Бізде де Үкімет көпбалалы отбасының балаларына солай қарасса жөн болар еді. Өйткені қымбатшылық өте қиын болып барады. Жоғарыдағы жазбамда көзбен көрген бағаны, басымнан өткен жайтты жазып отырмын», дейді әке.

Күнкөріс деңгейінен асатын жалақы да жетпей қалады

Осыған дейін хабарлағанымыздай, «Жалпыға міндетті білім беру» қо­ры 17 мыңнан 40 мың теңгеге де­йін­гі көлемде материалдық көмек көрсетіп келген еді. Биылдан бастап көмек мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден төмен болмауы керек. Яғни осы жылы әкімдіктер қаржылай көмек алу­ға тиісті барлық балаға кемінде 37 389 теңге көлемінде қаражат бөледі. Бала­лар­дың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаевтың айтуынша, қазір де ең төменгі мөлшерден артық қаржы бөлетін жергілікті атқарушы органдар да бар.

Мемлекеттен берілетін бұл мате­риал­дық көмек атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың, АӘК алмайтын, бірақ жан басына шақ­қандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушыларға беріледі.

Енді қараңыз, Қостанай өңірінен хабарласқан мұғалім Азиза Кемел 3 баласын мектепке, 1 баласын даярлық сыныбына бермекші. «Менің қолға алатын жалақым – 265 мың теңге. Барлығы айтатындай, мұғалімдердің табысы көп емес. Мен шағын жинақты ауыл мектебінде жұмыс істеймін, мұнда бала аз, сағатыма қарай алатыным осы. Қыркүйекте 4 балам да сабаққа барады. Өзім де көпбалалы отбасында өстім, алдымдағы әпкемдікін киіп баратынмын. Балаларыма да солай қылайын десем, үлкен қызым тез өсіп кетті әрі әкесіне ұқсап денесі ірілеу, бойы ұзын болып барады. Оның киімі үлкенімнен 2 жасқа кіші екінші қызыма шақ келмейді, өйткені ол – әпкесі сияқты емес, тым арық. Үшіншім – ұл. Ол 2-сыныпқа барады. Оның алдында ағасы жоқ, жыл сайын аяғы да, денесі де өсіп, былтырғысын қайтадан киюге келмейді. Сондықтан оны бастан-аяқ қайта киіндіру керек. Төртінші балам – қыз. Оны даяр­лық сыныбына бергелі жатырмын. Оған 5 және 7-сыныпта оқитын әпкелерінің киімі сай емес. Қысқасы, 4 баламның төртеуіне де толық дайындық қажет болып тұр. Жолдасымның жұмысы тоқтап қалды. Менің 265 мың теңге жалақымды 4 балаға бөлгенде төменгі күнкөріс деңгейінен асып кетеді. Сол себепті мемлекеттің көмегін ала алмаймын. Ал базардағы бағаны білесіз ғой», дейді А.Кемел.

Иә, базардағы бағаны білеміз...

egemen.kz

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521