Санадан өшпейтін сапар

Өткен жылы маған Астана қаласына барып, Елбасының бастамасын қуаттау үшін «Рухани жаңғыру – болашаққа бастар жол» республикалық семинарына қатысу мүмкіндігі туды.

Бұл мен үшін жылдың жағымды жаңалығы болды. Мектебімізден үш оқушы болып Астана қаласына жол тарттық. Семинардан зор үміт күткен болатынмын. Жаңа идеялар, жоғары нәтижелер менің мақсатым болды десем артық айтпағаным. Шынында да, сол үмітім ақталды деуіме болады. Еліміздің ең озық оқушыларының қатарынан табылу мен үшін биік мәртебе еді.

Қалың елдің қамын ойлап, болашаққа жарқын қадам нұсқаған Елбасымыз әр жыл сайынғы халыққа Жолдауында түрлі бағдарламаларды ұсынуда. Сол ретте, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын атап айтуға болады. Осы уақытқа дейін көптеген семинар-тренингтердің куәгері болған мен іс-шараларға қатысу тәжірибесі бар адам ретінде «Рухани жаңғыру - болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің ерекшелігін бірден байқадым. Соның арқасында ой-өрісім мен білім көкжиегім кеңейіп, келешекте керекті біраз деректер жинадым.

Елбасының бастамалары мен идеяларын бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, естіп, көріп жүргенімізбен, олардың өзектілігі мен маңыздылығын екі күндік семинар-тренинг барысында тереңірек ұғындық. Оның форматы расында да өзгеше. Қабылдауға жеңіл, ойға қонымды ақпарат алдық. Нәтижесінде, кей көзқарастарымыз өзгеріске ұшырап, жаңа мақсаттарға қанаттандық. Елбасы елдің бүгіні мен болашағы туралы ой толқындарын қуатты сезім ағысымен жүректен өткізе отырып толғана, тебірене сыр шерткенде, таңдана бас шайқамау қиын. Оның Отанға, елге, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігі сүйсінтеді. Рухани жаңғыру тек маған емес, мұнда жиналған 100 балаға емес, жүрегі қазақ деп соғатын жұмыр басты пенденің бәріне керек. Өткеніміздің парқын білмесек, бүгінгінің нарқын білуіміз неғайбыл. Бұл бағдарлама таза өмірге жолдау мен көмекші құрал, анықтама тәрізді. Қай қазақ "Мәңгілік елді" аңсамайды? Меніңше, рухани кедей адам ғана олай етпейді. Ал, рухани байлықты дамытуға жол салатын қарекеттің бірі - осы бағдарлама мен оның аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар. Ендеше, қолымызда қылқалам бар, алдымызда қағаз бар, мәңгілік елді таңбалап беретін нағыз патриот жастардың буыны - біз! Біздің алдыңғы буынымыз - үлгі болар аға-әпкелеріміз. Кейінгі буынымыз - қолғанат болар іні-қарындастар.

"Рухани жаңғыру - болашаққа бастар жол" семинар-тренингі - өмірімдегі маңызды оқиғалардың бірі. "Бәсекеге қабілеттілік - XXI ғасырда ұлтты жаңғырту" тақырыбында ғалымдардан дәрістер алып, дүниетанымымызды, білім көкжиегімізді кеңейтіп қана қоймай, жақсы тәжірибе де жинадық. Семинар-тренингте қазіргі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде өте құнды пікірлер айтылды. Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету.

Семинар-тренингіміздің күтпеген қонағы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон болды. Бірден қос мемлекет басшыларымен кездесу – біз күтпеген, маңызды оқиға еді. Әу баста қатты қобалжып, толқыған едік. Алайда, Нұрсұлтан Әбішұлы бізбен жылы амандасып, бойымыздағы толқынысты сейілтті. Оның көкірек көзі мейірімге толы екенін байқадық. Елбасының сұрақтарына біз қуана жауап беріп, оған зор алғысымызды білдірдік.

Семинар соңында Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесінің бастығы Махмұд Базарқұлұлы Қасымбековтің тілегі жазылған «Біздің Президент» кітабына ие болып, сертификат алдым. Киелі Исатай жерінен барған бір топ озаттарды құшақ жая қарсы алған Астанаға ризашылығым, ұмытылмастай керемет сәттер арада жылға жуық уақыт өтсе де санамнан өшер емес.

Қадыржан САПАРОВ,

Х.Нәубетов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Жанбай ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT