Шетелде оқитын Асылзат: «Өз елімнің өркендегені маңызды»

Бүгін Исатай аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева Оқушылар үйінің директоры Ақтолқын Шайхықызын және шетелде білім алып жатқан студент Асылзат Балтабекқызын қабылдап, «Елбасы медалін» табыстады. 

Иә, бұл шетелде оқып жатқан студент кім деп ойлайтын шығарсыздар? Ол – қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келген аққыстаулық білімді де зерек жастардың бірі. 2019 жылы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатын үздік тәмамдаған ол Түркия мемлекетіндегі ең белді жоғары оқу орындарының бірі болып саналатын Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті ректорының грантына ие болады. Осылайша, оның жүрек түкпіріндегі бала күнгі «білімімді өзге елде шыңдасам, ел көрсем, тәжірибелі ғалымдардың тағылымын алсам» деген арманы шындыққа ұласып, сол жылдың күзінде ол аталған іргелі оқу орнының  «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығына оқуға қабылданады. Өзге елде алған білімін өз елінің болашағы үшін кәдеге жаратуды мақсат еткен Асылзат бүгінде 3-ші курс студенті. Бала кезінен білімге құштар, алғыр да зерек болған жас дарын мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ бойындағы өз дарынымен дараланып, білім бәйгелерінен оза шапқаны өз алдына. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, қатарластарына үлгі ретінде танылады.

wqq

Оқу мен қоғамдық өмірді қоса алып жүрген жерлесіміз 2020 жылы «Білім-өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының жанынан құрылған «Үздік студенттер академиясы» республикалық ұйымының Атырау облыстық филиалы бойынша Сенат төрағасы лауазымына тағайындалады. Ұйымның басты мақсаты жастарға патриоттық тәрбие беру арқылы олардың бойындағы шығармашылық, көшбасшылық қасиеттерді дамыту болып табылады. Асылзаттың айтуынша, бүгінде аталған академия құрамына еліміздің барлық өңірінің студент жастары қосылған. Олардың қатарында атыраулық студенттер де аз емес.

Жастардың кемел келешегіне жол ашатын ауқымды ұлттық жобалардың бірі – «Елбасы медалі» жобасы талапты жастың назарынан тыс қалмады. «Ел үміті» бағдарламасы аясында іске асырылған жоба 14-29 жас аралығындағы үміткер жастардың 6 ай бойына тынымсыз іздену мен еңбектенуін талап етеді. Осындай болашағынан зор үміт күттіретін жас дарынды тани білген аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева онымен болған шырайлы жүздесуде «Елбасы медалі» жобасының қола медалін табыстап, болашағына сәттілік тіледі.

_dsc0625

- Өз еліміздің, оның ішінде өз ауданымыздың білімді жастарының осындай деңгейге көтеріліп, толассыз жетістікке жетіп жатқаны бәрімізді қуантады. Білім алу үшін шетел асып, тынбай ізденіп, табандылық таныттыңыз. Әрбір жетістіктің оңай келмейтінін ескерсек, бұл – өзіңіздің білімге деген құштарлығыңыздың, «білсем, көрсем, жетсем» деп қол созған арман-мақсатыңыз жолындағы талпынысыңыздың, еңбегіңіздің нәтижесі. Осы жолда сізге бағыт-бағдар берген ұстаздарыңызбен, әр кез қолдау танытып, бар жағдайды жасаған ата-анаңызға алғыс айтамын, - деді өз сөзінде Гүлайна Құрманғалиева.

Сондай-ақ бөлім басшысы мемлекет болашағы – білімді де тәрбиелі жастар мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерді пайдалану керектігін де тілге тиек етті.

Еркін форматта өткен қабылдауда кейіпкеріміз өз ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, Түрік елінен үйренеріміз көп. Ол жақтың білім беру тәсілдерінің ерекшеліктері көп. 

Иә, бүгінде талай қазақ баласы мұхит асып, жат жерде білім алып жүр. Десек те, олардың ішінде елге қайтып оралмайтындары да бар. Алайда, Азылзаттың ойы – алған білімі мен тәжірибесін, шетелде жүріп көңілге тоқығандарын туған жердің өсіп-өркендеуіне жұмсау. Қазір елімізде білімді жастар қатары көбейіп келеді. Солардың бәрі кейіпкеріміз сияқты отаншыл болып, ел мүддесін жоғары қоятын болса, жарқын күндеріміз алда екеніне сенеміз. 

_dsc0635

Әңгіме барысында Асылзаттың спортпен де шұғылданатынын аңғардық. Әсіресе, садақ атуға әуестігі бар екен. Тіпті, ол садақ атудан Қырғызстан мемлекетінде өтетін Халықаралық турнирде ел құрамасының сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алған.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521