Соңғы қоңырау соғылды

Жарты ғасырдан астам тарихы бар Жалпы білім беретін Аққыстау орта мектебі бүгін 45-түлегін қанаттандырып ұшырды. Салтанатты шара ашылғаннан кейін жиынға қатысушылар мектеп бітіруші түлектерді арнайы құрметпен қарсы алды. Одан кейін, мектептің 2002 жылы бітірген 25-түлектері мен мектеп бойынша 170 үздік оқушы алаңға шақырылды.

Алаңға ҚР-ның Мемлекеттік Туы кіргізіліп, ҚР-ның Мемлекеттік Гимні орындалғаннан кейін, алғашқы болып сөз сөйлеген мектеп директоры Тамара Халенова мектептің жетістіктері мен білім беру саласына үлес қосқан ұстаздардың еңбегіне ерекше тоқталып өтті. Сондай-ақ, мектеп бітіруші түлектердің болашағына сәттілік тіледі.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан:
- Өмірге қаққан қанаттарыңыз талмасын. Болашақта биік белестерді бағындырып, елдің дамуы жолында қызмет қылатын азамат пен азаматша болыңыздар. Жаңа Қазақстанның құрылуына үлестеріңізді қосады деп сенеміз, - деген тілегін жолдап, бір топ ұстаздар мен оқушыларды марапаттады.

Аудандық мәслихаттың депутаты Асхат Жұмабеков:

Ең бірінші үлкен өмірге қадам басып жатқан мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тілеймін. Үлкен мамандық иесі атанып, елдің сенімін ақтайтын абыройлы азамат болуларыңа тілекшімін, - деді.

Сонымен қатар, осыдан 20 жыл бұрын мектеп бітірген құрдастарының қазіргі таңда елдің дамуы жолында сіңіріп жатқан еңбектерін айта келіп, осындай шәкірттер тәрбиелеген ұстаздарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, өзі басқарып отырған «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының жетістікке жеткен спортшылары мен чемпиондарына алғыс хатын тапсырды.

Спорт саласының ардагері Роллан Қадыржанов пен Исатай БЖСМ директоры Бұрхан Оралбеков Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хатымен бір топ спортшы шәкірттерді марапаттады. Сонымен қоса, «Спорт шеберлігіне үміткер» спортшыларға куәлік табыстады. Жастар ресурстық орталығының басшысы Азамат Балмурзиннің алғыс хатымен бір топ мектеп түлектері марапатталды.

Мектеп түлектерін құттықтау, бастауыш сынып бүлдіршіндерінің өлең шумақтарымен жалғасын тапты. Әр бүлдіршіннің жеке-жеке құттықтауынан кейін мектеп түлектері оларға өз алғыстарын білдірді.

Одан кейін жас түлектердің ата-аналары атынан Тұрсынай Алиева өз құттықтауын жолдап, түлектерге ақ жол тіледі.

Мектеп бітіруші жас түлектер атынан дарынды оқушы Айкен Асқарова мен мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің атынан Өтеген Мұханбетов сөз сөйлеп, ұстаздарға ризашылықтарын жеткізді.

Шара соңында соңғы рет күміс қоңырау соғылып, түлектер 11 жыл бойы оқыған алтын ұяларымен қоштасты.

 Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521