Тәуелсіздік күніне тарту жасады

Атырау өңіріндегі ең ірі «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» (НКОК) компаниясы елге көмірсутегі қорларын барлау және өндіру жұмыстарының операторы ретінде белгілі.

Компания өзінің осынау негізгі қызметімен қатар, облыста әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, демеушілік пен қайырымдылық жасауға белсенділік танытып келеді. Біздің Хамидолла Наубетов атындағы орта мектеп те 2016 жылдан бері «НКОК» компаниясымен іскерлік байланыста. Компания сол 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі қарсаңында мектеп әкімшілігінің ұсынысымен білім ошағына демеушілікпен лингафонды-мультимедиялық кабинет алып берген болатын. Енді міне, биылғы Тәуелсіздік күні қарсаңында мектепке жаратылыстану бағытындағы математика кабинетін тарту етіп, тағы қуантты.

Мектепке арнайы келген облыстық мәслихаттың депутаты, «НКОК» компания жұмысының нәтижелілігін қамтамасыз ету және сыртқы байланыстар менеджері Серік Нағимұлы Идранов пен әлеуметтік мәселелер жөніндегі менеджері Тағанбай Уәпұлы Жағыпашев демеушілікпен берілген құрал-жабдықтардың тиімді пайдалану деңгейін көрді, мектеп музейін де аралап, ризашылықтарын білдірді.

Иә, техниканың қарыштап дамыған заманында оқушыларымыз компьютерлік құрал-жабдықтарды, кабинеттердің барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, техниканың тілін де жетік меңгеріп келеді. Оның осылай түзілуіне септесіп, Атырау, Маңғыстау өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарған жұмыстарын мақтанышпен айтуға болғандай компания өкілдеріне игілікті істері үшін алғыс сезімін жеткізген мектеп директоры Ғимади Молдағазыұлы Жиенғазиев компанияның алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Аталған мектептің 1976 жылғы түлегі, осынау білім ордасының алғашқы «Алтын медаль» иегері Серік Нағимұлы 11-сынып оқушыларымен де сұхбаттасты. Ол ертеңгі күні үлкен өмір көшіне ілескелі отырған қыз-жігіттерге, «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» дегендей, ана тілі өз алдына, оған қоса орыс, ағылшын тілдерін меңгерулері қажеттігіне баса назар аударды, мамандық таңдау бойынша да бірқатар ақыл-кеңестер берді. Сондай-ақ Тағанбай Уәпұлы да түлектерге ізгі ниетін жолдады.

Саягүл АЙТЖАНОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT