Мақаламның кіріспесін «Ұстаз болу оңай ма?» деген сауалдан бастағым келіп отыр.
Көрнекті жазушы Баубек Бұлқышев: «Aдам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп өрнектеуге еңбек етеді» деген екен. Әр адамның өмірі өз қолында. Өмірге бекер келмедің. Бір ғана болмысыңмен көпке үлгі бола аласың. Айталық, әр адамды ерекшелейтін болмысының бірі – мамандығы және білімі. Еңбек ете отырып, әр ісіңде өрнекті ізіңмен көпке үлгі бола аласың. Ол үшін тоқтаусыз даму мен білім қажет. Тәжірибеңіз тынымсыз әрі табанды еңбекке толы болуы шарт. Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді. Адамды білімі ерекшелейді. Осы орайда ойыма мына бір керемет сөз оралып тұр: «Білім алу – ешқашан кеш емес. Өзгерту ешқашан кеш емес. Өзгеру ешқашан кеш емес!» деген. Иә, адам баласы қанша жасты өкшелесе де, білім алу, үйрену, іздену, талпыну арқылы көптеген шыңға жете алады. Ол үшін кез-келген берілген мүмкіндікті тиімді пайдалана білу керек. Барлық нәрсеге білім, іздену, тәжірибе ықпал етеді. Кез -келген кедергі ол сіз үшін жаңа мүмкіндік. Кедергіні жою, сіздің одан әрі дамуыңызға ерекше ықпал етеді.
Қазіргі заманда Aбай атамыз айтқандай, «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тапта бар қалан» демекші, әрбір адам осы өмірде тұлға болып қалыптасып, өз жолын, өз арнасын тауып өмір сүру үшін қандай да бір мамандықты таңдауы тиіс. Ол мамандықты таңдап қана қоймай оның бір шебері болуға талпынуы қажет. Егер әрбір адам өз мамандығын жүрек қалауымен таңдайтын болса және сол мамандықтың мықты бір шебері болуға бар ынта-ықыласын жұмсайтын болса, онда біздің өміріміз әлде қайда жақсы, еліміз одан бетер дамып, нұр үстіне нұр болар еді деймін.
Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты еліміздегі білім беру ісінде тың өзгерістер орын алуда. Бұрнағы жылдың төртінші оқу тоқсанынан бастау алған қашықтықтан оқыту жүйесі екі жыл қатарынан жалғасын тауып, еліміздегі барлық білім алушылар онлайн форматта оқу жүйесіне көшті. Алғашқы кезеңдерде әр білім алушы мен ата-ана, тіпті ұстаздар қауымы үшін бұл кезең қиындық тудырып, біраз әбігерге салғаны рас. Десе де, нарды жүгімен көтерген халықпыз ғой, қашықтықтан оқытудың барлық мүмкіндігіне төселіп, алғаш кезеңдердегі кедергіні еңсергендей болдық. Ұжым мүшелері қашықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып, оқытуды сапалы ұйымдастыру жолдарын іздестірді. Осы тұрғыда оқу жылы басталмас бұрын барша педагогтар ақпараттық құзыреттіліктерін дамыту мақсатында оқыған «Қашықтықтан оқуды үйренемін» атты бұқаралық онлайн курс дәрістері ерекше мүмкіндік беруде. Әсіресе, аталған курстың алғашқы бөліміндегі «Қашықтықтан оқытудың ерекшеліктерін зерттеу (қашықтықтағы сабақтарды ұйымдастыру, жоспарлау)» атты бірінші модулінде берілген жаңаша ақпараттар легі күнделікті тәжірибеде қолданылып, әр қадаммен жүзеге асырылуда. Яғни, қашықтан оқыту екі түрлі тәсілмен жүзеге асырылады – синхронды және асинхронды оқыту. Осы форматтағы оқыту негіздері күнделікті жұмыс іс-әрекеттерінде шебер көрінуде. Қашықтан оқыту Kundelik.kz, BilimLand, Googlе Classroom платформалары және WhatsApp желісі арқылы жүзеге асырылды. Сонымен қатар, «Балапан» арнасындағы ТВ-сабақтар арқылы да балалар білім алды. Оқушылардың қажеттілігіне және мүмкіндіктеріне қарай ZOOM, Google Meet платформалары арқылы онлайн сабақтар да жүргізілуде. Әр бала оқумен қамтамасыз етілді. Алыс шалғайда жүрген оқушыларымыздың да мүмкіндіктері назарға алынды. Осылайша, бірде-бір оқушымыз оқыту үрдісінен тыс қалған жоқ.
Өнер - білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып - жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин бабамыздың осы бір өлең жолдары бүгінгі білім беру ісіндегі барлық жағдайды өлең өрнегімен айтып жеткізгендей. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген К.Д.Ушинский. Осы ұлы тұлғаның сөзін ұран етіп қана қоймай, ісімізбен дәлелдейтін уақыт келгендей.
Ұстаз тақырыбының кеше де, бүгін де, ертең де өзекті болуы – уақыт талабынан туған қажеттілік. Ұстаздық - ұлы мамандық. Ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Білім жолына жетелейді. Әр мамандықтың иесін ұстаз өсіреді, ең алғаш ұстаздың алдынан өтеді. Мен үшін ұстаздық жолдың орны бөлек. Өзім бұл мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінбеймін.
Менің алғаш еңбек жолым Атырау облысының батыр баба есімімен аталған киелі Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы бір ғасырдан астам уақыт тарихы бар іргелі Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектебінде басталды. Мен осы аталған киелі шаңырақпен өсіп-өндім десем артық айтқаным емес. Бұл киелі орда да мен шәкіртте, жас маман да, тәжірибе жинақтаушы да, пән мұғалімі де, сынып жетекші де бола білдім. Мен үшін өзіндік орны бар осындай жауапты қызмет өз алдына, осының бәрін бір сөзге сыйғыза ұлықтайтын қарапайым ұстаздық келбеттен асқаны жоқ. Мектебім – ыстық мекенім. Мектеп шаңырағы өте ерекше. Әсіресе, еңбек етуге атмосфера өте қолайлы. Мектеп шаңырағында тынымсыз еңбек еткен ұстаздар, әр күні үзілмейтін жаңаша жұмыс іс-әрекеттері, табысты оқуға, білімге ұмтылған балғын шәкірттер, жаңартылған білім мазмұнына бағытталған жұмыс жүйесі, ең бастысы ұстаздық келбетіңді биікке өрлетіп қолдаған мектеп ата -аналар мен өзге де тұлғалар бәрі-бәрі көз алдымда. Еңбек майданында мұндай жалғасқан тиімді жоспарлар мен әсерлі күндер, маңызды іс-әрекеттер өзіңді еңбек етуге одан әрі жігерлендіреді. Мақсатты жұмысым жалғасын табуда. Егемен еліміздің жас өрендерін шыңдау, біліммен қаруландыру, соның ішінде жаңаша білім көзімен ақпараттандыру және ұлттық құндылықтарды бойларына дарыту бүгінгі еңбегімнің басты нысаны, міне осы болмақ. Мен бұл жолда ешқашан талмаймын. Мұғалім болған қандай жақсы. Үйде өз балаңды тәрбиелесең, мектепте мың бала тәрбиелейсің.
«Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, «Мен жастарға сенемін!» - деп өршіл ақын М.Жұмабаев болашаққа, жастарға үлкен сенім артты емес пе? Ақынның өлеңде келтірген көркем сөздеріне лайық болатынымызға сенемін. Елімнің ертеңінен, болашағынан жүрегім қорықпайды, керісінше, қуанады, ендеше, келешегім нұрлы болмақ. Оған негіз – бүгінгі «арыстандай», «жолбарыстай», «қырандай» күшті жас ұрпақтың, біздің бүгінгі әдемі әрекеттеріміз, ұтымды ұмтылыстарымыз. Мен қазақ болып туғаныма, осындай бай, байтақ өлкеде өмір сүріп жатқаныма бақыттымын. Өйткені, мен тәуелсізбін, тәуелсіз елдің ұстазымын!
Мейрамгүл СЫРЫМОВА,
Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің мұғалімі