Жаңа әдебиеттер жайында

(Басы алдыңғы санда)

15. Нысаналин А. Омарта. Өлеңдер (А.Нысаналин - Алматы. «Қаламгер» бас-пасы,2018-380 б). Туған халқымыздың мәдени-рухани өмірінің өркендеп, гүлденуіне сүбелі үлес қосып жүрген қазақтың белгілі ақыны, сыншы Аян-Сейітхан Нысаналин осы салада талмай, белсенді еңбек етіп келеді.

Жарты ғасырдан астам уақыт қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақынның бұл еңбегі хош иісті алуан гүлдермен бал шырынын жинаған аралардай омарта-жыр шоғырының шұғылалы шақтарына шақырады.

16. Нұрмағанбетов Т. Рухтар жерден кетеді: роман (Астана: «Фолиант». 2018.-272 бет). Көрнекті жазушы Т.Нұрмағанбетовтің бұл кітабына «Рух» халықаралық әдеби байқауының жүлдесін иеленген «Рухтар жерден кетеді» романы еніп отыр.

Ойы оралымды, тілі өткір қаламгер аталмыш туындыда бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін қозғап, бастысы, адамгершілік тұғырынан түспеуді насихаттайды. Қаймағы бұзылмаған қазақылықтың иісі аңқып тұрған шығарма мемлекеттің жаны мен жүрегі-жер мен елдің мызғымас беріктігін баяндаумен құнды.

17. Озғанбай Ө.Бекмағамбет. Бата дарып, бақ қонсын. (Алматы: «Астана Медиа Пресс» 2016.-360 б). Бұл кітапта халқымыздың ұлттық інжу- маржаны –бата берудің сан алуан үлгісі тоғыстырылған. Қашанда ұлан-байтақ даламыздың әр қиырын жайлаған өнегелі, өрісті қазақ баласының, ақылгөй қарттарымыздың аузынан шыққан ақжарма лебіздер, жақсылыққа үндеген ұлағаты мол аталы сөздер мәнді де мазмұнды. Қазақ жұрты үшін бата беру дәстүрі ежелден қалыптасқан әлеуметтік адами қатынастардың баға жетпес үлгісі саналады. Бата - қоғам тіршілігінде пәлсәпалық мәні бар дүние. Сана-сезім тұнығынан сүзілген аса қымбат ақ тілек пен адал ниеттің белгісі. Ендеше өскелең ұрпақты ұлтжандылық қасиеттерге, ата-баба дәстүрінен сусындауға тәрбиелеуде өзіндік үлес қосар бұл басылыммен де таныс болудың еш артықшылығы жоқ.

18. Озғанбай Ө. Қазақ шешендігі мен көсемдігінің психологиясы. (Астана «Фолиант», 2017.-400 б). Асан қайғыдан басталатын «Қазақ шешендігі мен көсемдігінің психологиясы» атты ғылыми басылымда халықтарымыздың ерен тұлғаларының осы тақырып төңірегінде айтқан жыр толғаулары мен ұлағатты ой-пікірлері талдауға алынады. Мұнда қазақ тарихынан ерекше орын алатын он тоғыз тұлға жайлы ой-толғамдар сарапталады. Сонымен бірге кітап соңында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінің түпнұсқадағы мәтіндері, Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» кітабынан үзінділер және қазақтың ұлттық тәлім-тәрбие атауларының қысқаша түсіндірме сөздігі енгізілген.

19. Рымжанов Т. Гүл ағашы: ертегі-хикаят. (Алматы: «Балалар әдебиеті»,2018.-320 б). «Гүл ағашы» ертегі хикаятының алға қойған мақсаты - шайтан, пері, адамзат арасындағы шиеленіскен тартыс үстіндегі оқырманға олардың тәрбиелік мәнін ашып беру. Перілер басынан жағымды да, жағымсыз да қылықтар байқалып отырса, шайтандарды тек жағымсыз істер төңірегінен көруге болады. Әр ертегінің негізгі кейіпкерлері-адамзат ұрпағы жас Қарабек бастапқыда ат басындай алтынға шайтандардан алданып қалып, ақыры, пері қызы Шәки-Жамалдың, жылан патшасы Мәлік-Ғафилдің көмегімен шайтандарды жеңеді.

Ертегі-хикаят ақ пен қараның күресі үстінде ақ жеңіп, қара жеңіліп, ертегі үлгісімен аяқталады.

«Гүл ағашы» шытырман оқиғаларға толы, өміршең-оқырманын шынайы өмірдің ішінде жүргендей әсерге бөлейді.

20. Сәттібайұлы К. Сумен жазылған өлең. (Алматы, «Айғаным» баспасы. 2018.-380 б). Жазушының бұл жинағына бір топ әңгімелері мен хикаяттары еніп отыр. Қаламгердің туындылары тақырыптарының алуан түрлілігімен, көркемдік ерекшеліктерімен сананы сілкіндірер соны ойларымен дараланады.

21. Сматаев С. Мейрамсопы-Қарқабат: Дастан. (Алматы: «Алманар», 2010.-208 б). Қазақтың классик жазушысы, адуын ақын С.Сматаевтың бұл дастаны- Әз Жәнібек ханның уәзірі болған қасиетті Мейрамсопы бабамыз бен Қаракесектің ұранына айналған киелі Қарқабат (Күнай) анамызға арналған. Яғни, бұл еңбек ұрпақтарына игілік пен ізгілік тілейтін қос киелі рухқа перзенттік тағзым болмақ.

22. Сматаев С. Мұңлы ойлар. (Алматы: Алманар, 2015.-444 б). Қазақ әдебиетінің классигі, Алаштың халық жазушысы, адуын ақын, айтулы сөз зергері Софы Сматаевтың бұл кітабы қалың оқырманға арналған. Ұлттың мүддесін ойлап, халқының қамын жеп: «Арыңнан адассаң – барыңнан адасасың» деген философиялық үзік-үзік ойларын қараңғы түн қойнынан суырып алып, «Оян да ойлан, Алашым!» деумен тесік құлақ, ашық кеуде іздейді.

23. Төлеу А. Отқарақ . (Алматы «Қазақ энциклопедиясы», 2018.-320 бет). Үш бөлімнен тұратын автордың бұл кітабының алғашқы бөлімінде поэзиялық туындылары берілсе, екінші, үшінші бөлімін құрайтын танымдық-зерттеу мақалалары мен проза жанрындағы жазбалары. Ақын қыздың көңіл түкпірінен шыққан бұл шынайы дүниелері кім-кімнің де жүрегіне жол табары ақиқат.

24. Тілегенов Б. Шығармалар жинағы. Сексен алтыншы жыл: Роман. (Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚ,2018.-320 б). Көрнекті қазақ жазушысы Б.Тілегеновтың бұл шығармалар жинағының бірінші томына «Сексен алтыншы жыл» атты романы еніп отыр. Бұл шығармада Желтоқсан көтерілісінің тууына себепкер болған саяси-қоғамдық жағдай мен адамдардың тағдыры, жалған идеяның жандайшабы болған аға буын өкілдері мен жас буынның арасындағы тартыс талқысы шынайы суреттеледі. Яғни, Бекежан жазушының бұл романын оқи отырып, оқырман қауым қазақ тарихындағы қайғылы да қасіретті Желтоқсан оқиғасының қарсаңында қалыптасқан қысаң жағдай туралы жан-жақты дерек ала алады.

«Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген екен Ғ.Мүсірепов. Айтқандайын, кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі,тарихы мен тағылымының алтын сандығы екендігін саналы түрде көзі қарақты оқырмандарымыз әрқашан да саралай біледі. Осы алтын қорымыздың жиылған жері киелі мекен - кітапхана.

Міне, кітапхана қорына келіп түскен осындай әдебиеттерді легімен таныстыра отырып, сіздерді кітапхана оқырманы болуға шақырамыз. Қашан да жаңа кітап - жан азығың. Алыңыздар, оқыңыздар! Оқырман болу сіз үшін мәртебе, біз үшін үлкен қуаныш. Сіздер үшін есігіміз әрқашан ашық.

Маусым ТӨЛЕУІШОВА,

аудандық орталықтандырылған кітапхана библиографы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521