Жаңа заңның тиімділігі көп

фото: интернеттен

Күн кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт білім беру және балалардың қауіпсіздігі мәселелері туралы заңға қол қойды. Құжаттағы жаңашылдық қандай, бұл салада енді не өзгереді?

Соңғы жылдары балалардың қауіпсіздігіне қатысты қоғамда резонанс тудыратын өзекті мәселелер БАҚ беттерінде жиі жарияланып жүргенін білесіздер. Сол себепті осы түйткүл мәселеге байланысты Парламент Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасымен білім беру және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша заң жобасы әзірленген болатын. Президент жақында осы заңға қол қойды. Сонда бұл заң қандай жаңашылдықтарымен ерекшеленеді, соған тоқтала кетейік.

Алдымен айтарым, білім сапасын жақсарту білім беру бағдарламаларын реттеумен ғана шектелмейді. Онда оқушыға қолайлы орта қалыптастыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жетілдіру, білім беру жүйесін құрудағы күрделі мәселелерді жеңілдету, орын тапшылығын жою, артық жүктемелерді азайту, жемқорлықтың алдын алу сынды мәселелерді шешу маңызды рөл атқарады.

 Бүгінгі таңда республика бойынша  мектептерде оқушыларға орын жетпей жатқаны баршамызға белгілі. Ол үшін жаңа мектептер салыну керек. Алайда жаңа мектептердің салынып, қолданысқа берілу қарқыны миграциялық және демографиялық өсімге ілесе алмай келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бұдан былай алдымен мектептер мен балабақшаларды қамтамасыз етпейінше, көпқабатты үйлер салуға болмайды.

Сондай-ақ заң аясында мемлекеттік мектептер мен колледждерді жекешелендіруге тыйым салынды. Мұның мемлекеттік мектепке ғана қатысы барын айта кеткен жөн. Яғни бизнес өкілдері өздері жекеменшік мектеп сала алады. Оған еш кедергі жоқ. Алайда лицензия алу жағы бұрнғыдай болмайды. Енді өзгерістерге сәйкес әрбір мектептің өз лицензиясы болуы тиіс. Заңдағы жаңа өзгерістерге сай колледждер мен мектептер ақылы қызметтерден түскен табысты өз дамуына жұмсауға құқылы.

Жаңа заң бойынша отыз жылдан астам пайдаланылған мектеп, балабақша және колледж ғимараттары әр бес жыл сайын апаттылық қауіп бойынша тексеруден өткізіліп тұрады.

Заңда тағы бір ерекше өзгеріс бар. Енді директорлар қажет маманды тиімсіз кадрды алмастыру арқылы штат кестесіне сай қабылдай алады. Заң жобасында әкімдіктердің жауапкершілігін бекіту туралы да бірнеше нормалар қарастырылған. Қазіргі кезде балабақшаларды, мектептерді, колледждерді басқару, тағайындау, қаржыландыру және әкімшілендіру мәселелері әкімдіктердің білім сапасын қамтамасыз ету жауапкершілігі заңмен бектілді.

Келесі бағыт –білім беру ұйымдарының еркіндігін кеңейту. Яғни заң жобасында бектілген штат санының шеңберінде, штат кестесінің лауазымдарын ауыстыру құқығы беріледі. Бұрын елімізде лицейлер мен гимназияларға 1-сыныпқа қабылдау үшін емтихан тапсыру міндетті болатын. Енді бұл ереже өзгереді. Шынымен алты жастағы баланы емтиханмен іріктеу тиімсіз. Сондықтан бірінші сыныпқа қабылдау үшін емтихан өткізуге заңмен тыйым салынды. Сонымен қатар қоғамда қызу талқыланған сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы шешім де жобаға енгізілді. Норма тек сабақ кезіндегі шектеулерге қатысты. Бала телефонын мектепке әкеліп, үзіліс кезінде пайдалана алады. Бұл тұрғыда ешқандай шектеу жоқ. Сабақ кезінде білім алушы тек оқуға көңіл бөлуі керек.

Енді заңға сәйкес жемқорлықты азайту мақсатында баланы кезеккке қою, балабақшаға орналастыру, сондай-ақ білім саласы қызметкерлерін аттестаттау үрдістері бірыңғай ақпараттық платформа арқылы жүзеге асырылады.

Қабылданған заңда колледждерге  де қатысты жаңа нормалар бар. Атап айтсақ, дуалды жүйе бойынша білім алушыларды өндірістік кәсіпорындарда практикадан өту кезінде ықтимал өндірістік жарақаттардан және тәуекелдерден ерікті негізде сақтандыру құқығын беретін норма қабылданды. Колледждерді лицензиялауды жеңілдету бойынша да норма енгізілген. Енді лицензия біліктілік бойынша емес, жалпы мамандықтар бойынша беріледі. Сонымен қатар заңда жоғары оқу орындарына дипломмен қоса, түлекке алған құзыреттіліктері туралы қосымшаны беру құқығы да қарастырылған.

Технологиялардың дамуына байланысты онлайн оқу форматы тәжірибеге енгізіле бастады. Дегенмен заңда колледждер мен университеттерде педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша қашықтықтан білім алуға тыйым салынды.

Заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар қоғамдағы қордаланған мәселелерден туып, қабылданып отыр. Үкімет отырысында күн тәртібіне қойып, қозғаған кейбір мәселелер заң жүзінде осылай шешімін тапты.

                                                               Аяпберген САЛИХОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521