Жаңашылдық – болашақтың кілті

 

Әлем тоқтаусыз дамуда. Бүгінгі күнгі жаңалық ертең ескіріп, кеше таңсық болған технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналуда. Бұл өзгерістердің қозғаушы күші – жаңашылдық. Жаңашылдық – адамзаттың алға жылжуының негізі, табысты тұлғалар мен дамыған елдердің басты қағидасы. Ол адам ойлау жүйесін өзгертіп, өмірімізді жақсартуға мүмкіндік береді. Бірақ жаңашылдықты тек технологиялық жетістіктер деп қарастыру қате. Ол – ойлау еркіндігі, шығармашылық көзқарас, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу.

Тың идеялар мен ерекше стильдер

Көпшілік жаңашылдықты тек IT, медицина немесе техника саласындағы озық технологиялар деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, ол – күнделікті өмірдің барлық саласында кездесетін құбылыс. Мысалы, кәсіпкерлік саласында жаңашылдық – тұтынушыларға мүлде жаңа өнім немесе қызмет ұсыну. Білім беру жүйесінде – оқушыларды жаңа тәсілдермен оқыту. Өнерде – тың идеялар мен ерекше стильдерді қолдану.

Тарих көрсеткендей, жаңашыл ойлар ғана әлемді өзгертеді. Ғасырлар бойы қалыптасқан ережелерді бұзып, жаңа жол салған адамдар тарихта қалды. Мысалы, Генри Форд автомобиль өндірісіне конвейерлік әдісті енгізіп, көліктерді көпшілікке қолжетімді етті. Илона Масктың SpaceX компаниясы ғарыш саласында революция жасап, қайта пайдалануға болатын зымырандарды ойлап тапты. Ал Стів Джобстың жаңашыл ойлау жүйесі тек телефонды ғана емес, бүкіл коммуникация мәдениетін өзгертті.

 

Жетістік кепілі

Көп адамдар «Мен жаңашыл емеспін», «Бәрін ойлап тапқан» деп ойлайды. Бірақ бұл – қате түсінік! Жаңашылдық – ерекше қабілет емес, дамуға, үйренуге және өзгеруге деген ниет. Ол кез келген адамға қолжетімді.

Жаңашыл болу үшін қорқыныштан арылу керек – жаңа нәрсені үйрену қиын болуы мүмкін, бірақ әрбір қателік – тәжірибе. Әлемге басқаша қарау қажет – мәселені шешудің дәстүрлі емес жолдарын іздеңіз. Ойыңызды ашық ұстаңыз – жаңа идеяларды қабылдай біліңіз, сыннан сабақ алыңыз.Тәуекелге барыңыз – жаңашыл адамдар қателесуден қорықпайды, олар тәуекелге бел буады.

Мысалы, Джефф Безос Amazon-ды бастағанда, онлайн сауда туралы көп адам сенбеді. Бірақ ол жаңа мүмкіндікті көре білді. Марк Цукерберг әлеуметтік желі құру арқылы адамдардың қарым-қатынасын түбегейлі өзгертті. Олар ерекше талантты болғандықтан емес, жаңашыл көзқарасы мен табандылығының арқасында жетістікке жетті.

 

Заман көшінен қалмас үшін

Бүгінгі оқушылар мен жастар – ертеңгі жаңалық ашатын, әлемді өзгертетін адамдар. Егер біз жаңашыл болмасақ, заманнан артта қаламыз. Сондықтан әр адам өз саласында тың идеяларды ойлап табуға, жаңа нәрсені үйренуге, өзін дамытуға ұмтылуы керек.

Есіңізде болсын: әлемді өзгертетін адамдар – өзгеше ойлайтындар! Егер сіз бір идеяға күмәнмен қарасаңыз, ол шын мәнінде ең үлкен мүмкіндік болуы мүмкін. Кім біледі, мүмкін, келесі ұлы жаңалық дәл сіздің ойыңыздан туатын шығар?

 

Бибінұр НҰРЛАНОВА,

Әл-Фараби  атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің түлегі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT