ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНБЫЗ БА?

Жаңа, 2022-2023 оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды.

Әрине, кезекті оқу жылының ойдағыдай өтуі, оның өн бойында жақсы жетістіктер мен нақты нәтижелердің де көрініс беруі оған дайындықтан бастау алатыны бұрыннан белгілі жайт. Ал ол ауданда қалай ұйымдастырылды, жаңа оқу жылына дайынбыз ба?

ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУ

Ауданда 15 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 10 орта, 1 негізгі, 4 бастауыш мектеп білім беру қызметін жүзеге асырады. Оларда 808 педагог, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 222 тәрбиеші, қосымша білім беру ұйымдарында 70 педагог, түзеу кабинетінде 12 педагог қызмет атқарады.

Мектептерді жаңа 2022-2023 оқу жылына дайындауға бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес барлық білім ошақтарында жай жөндеу жұмыстары жүргізілді (15 мектепке-11000 млн.теңге, 12 бөбекжай-бақшаларында-9000 млн.теңге, 5 қосымша білім беру мекемелеріне -3000 млн.теңге).

2021-2022 оқу жылында мектеп бітіруші түлектер саны - 270.  ҰБТ-ге қатысқандар саны-218 (80,7 пайыз), оның 8-і «Алтын белгі», 15-і Үздік аттестат иегері.  ҰБТ сынақ қорытындысы бойынша ауданның орта балл көрсеткіші 54,3 пайыз. 

Мемлекеттік грант иегерлерінің саны аяқталған оқу жылында – 85.

БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫ ҚЫСҚА ӘЗІР

Ауданның білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау мақсатында іс-шаралар жоспары жасақталып, аудан әкімінің орынбасарымен бекітіліп, білім беру ұйымдарына таратылды. Барлық білім беру мекемелерінде жаңа оқу жылына дайындық барысындағы жай жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңа  оқу  жылына дайындық актісі  алынды.

Білім беру ұйымдарының 2022-2023 оқу жылына күзгі-қысқы жағдайларға паспорттары жасақталып, облыстық білім беру басқармасына тапсырылады.

13 мектеп газ отынымен жеке жылу қазанымен жылытылады. Қызылүй негізгі мектебі 21000 млн.теңгеге 60 тонна сұйық отынға келісім-шартқа отырады. Жасқайрат бастауыш мектебіне 399,0 мың теңгеге 15 тонна көмір  алынды.

Аудандағы 15 мектеп, 12 бөбекжай-бақша, 3 балалар саз мектебі, аудандық оқушылар үйі, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетіне 1 қазаннан бастап жылу жүйесі қосылады.

ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖЫЛ САЙЫН АРТУДА

Бүгінгі күні сапалы білім беруге барлық мүмкіндіктер жасалынуда. Мәселен, білім саласын қаржыландыру жыл санап артуда ( 2022 жылы - 6 млрд. шамасында).

2021 жылы білім беру ұйымдарына қосымша бейнекамералар толықтыру және жөндеу  жұмыстары үшін 12268,0 мың теңге қаржы бөлінген. Биылғы жылы 3 мектепке (Ф.Оңғарсынова, Х.Наубетов, Ғ.Мәсәлімов атындағы) 77000 млн.теңгеге модернизация жұмыстары жүргізілді. Жалпыға бірдей міндетті орта білім қорының шығындарына 2022 жылы 60000 млн. теңге қаралып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына киім, қаржылай көмектер берілуде. Осы топтағы отбасы балаларын ыссы тамақпен қамту үшін  33000 млн. теңге қаралған. 2021 жылы Томан бастауыш мектебінің интернетке  қосылу  мүмкіндігі төмен болғандықтан «Транстелеком» АҚ мен жоғары жылдамдықты кабельді орнату (30Мбит/сек) келісімшартпен 145,0 мың теңгеге орнатылып, пайдалануда.

2022 жылы білім беру ұйымдарына  үнемделген қаржы есебінен  залалсыздандыру жұмыстарына, санитарлық қауіпсіздік құралдары алынуда. Аудан мектептерінде 15 дана тоннель, 262 дана санитайзер, 38 дана тепловизорлар, 73 дана аяқ киім үшін кілемше құралдары бар.

ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК  ҚҰРАЛДАРМЕН ҚАМТУ

Мектептерді оқу-әдістемелік құралдармен қамту және тасымалдау облыстық басқарма арқылы жүргізіледі.  Оған қаралған 53000 млн. теңгеге 11 баспаның 33183 дана оқу құралдары алынатын болады. Мектеп оқушылары оқулықтар және әдістемелік кешендермен толықтай қамтамасыз етіледі.

БІЛІМ БЕРУДІ  ҰЙЫМДАСТЫРУ

Жаңа оқу жылында оқушыларды санитарлық талаптарды сақтай отырып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұсынған Әдістемелік нұсқаулығы негізінде дәстүрлі форматта оқыту  жұмыстары ұйымдастырылады.  

Былтырғы оқу жылында 5427 оқушы, 317 сынып комплектісі болса, жаңа 2022-2023 оқу жылы, мектептердің болжам мәліметі бойынша, 5385 оқушы, 311 сынып комплектісімен басталғалы отыр. 1 сыныпқа келетін  535 оқушы тіркелді, оның  530-і электронды, 5-і қағаз түрінде тіркелген. Оқушы саны былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 42 балаға, ал сынып комплектісі 6 санға кеміп отыр. Бұл мәліметтер 5 қыркүйек есебімен нақтыланатын болады.

2022-2023 оқу жылында ақпараттық жүйелермен BilimLand платформасының OnlineMekten.org модулімен (15 мектеп) оқу үрдісінде пайдаланылады.

Ауданның 5 мектебінде  (Ф.Оңғарсынова, Х.Наубетов, Ю.Гагарин, Абай атындағы, Өркен орта) оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыру үшін 4 автобус және 1 газель автокөліктері  бөлінген.

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫНЫҢ ОРЫНДАЛЫСЫ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен ағымдағы жылдың бірінші тамызынан бастап «Мектепке  жол» республикалық акциясы іске асырылып, Балалар жылында  бұл «Мектепке жол - шекарасыз жақсылық» ұранымен өткізілуде. Іс-шаралар жасақталып, арнайы комиссия құрылған. Акция аясында 129 балаға демеушілер арқылы мектеп формасы, спорттық киім, оқу құралдары алынып берілді, қаржылай да көмектер көрсетілді.

Міндетті оқу қорынан 18 810,0 мың теңге бөлініп, ауданымыздағы 15 мектептің 548 оқушысына  материалдық көмек көрсетілді. Балаларды қолдау, көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

КАДРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Аудан мектептерінде 2022-2023 оқу жылында 808 педагог, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 205 тәрбиеші, қосымша білім беру ұйымдарында 67  педагог, түзеу кабинетінде 12 педагог қызмет атқаратын болады.

Білім беру мекемелері қажетті мамандықтар бо-йынша конкурстар жариялап, комиссия отырысын өткізеді.  Жалпы қажеттілік - 13, орыс тілі пәні-6, АӘД-1, математика  -2, логопед-3, дефектолог-1. Шағын жинақты мектептердегі маман тапшылығын «Мобильді мұғалім» жобасы арқылы шешу қарастырылуда.

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУМЕН ҚАМТУ

Барлық білім беру ұйымдарында инклюзивті практиканы инклюзивті саясат пен инклюзивті мәдениет негізінде дамыту қажет.

Инклюзивті білім берудің сегіз принципі:

  1. Адамның құндылығы оның қабілеті мен жетістіктерімен өлшенбейді.

2 .Әрбір адам сезінуге, ойлауға қабілетті.

  1. Әрбір адам қарым-қатынасқа түсуге құқылы.
  2. Барлық адамдар бір-біріне мұқтаж.
  3. Шынайы қарым-қатынас негізінде ғана сапалы білім алуға болады.
  4. Барлық адамдар құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді.
  5. Кез келген адамның жетістіктері қолынан келетін істерімен өлшенуі тиіс.
  6. Әртүрлілік адамды тек дамыта түседі.

Инклюзивті білім беруге сәйкес барлық балалар ақыл-ой немесе физикалық дамуына, мәдени, әлеуметтік, этникалық, нәсілдік, діни ерекшеліктеріне қарамастан құрдастарымен тең дәрежеде жалпы білім беретін мектепте білім алуға құқылы. Инклюзивті білім беру принциптеріне сәйкес білім беру ұйымдары барлық білім алушылардың білім алудағы әртүрлі қажеттіліктерін қанағаттандыруы тиіс.

Психологиялық - медициналық-педагогикалық кеңестен балалар жылына бір рет өткізіледі. Облыстық көшпелі комиссия ауданда наурыз айында өтті. Ерекше білімді қажет ететін үйден оқыған оқушылар саны – 26, арнаулы сынып оқушылары саны – 48, инклюзивті оқытылған оқушылар саны – 36.

Мектептерде арнаулы сынып оқушылары мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті білім беру стандартына сәйкес тәрбие жұмысында «Ұлт мұрасы» бағыты басшылыққа алынып  оқытылды. Инклюзивті білім алып отырған және арнаулы сыныптағы оқушылар «Атамұра» баспасының оқулықтары арқылы жеңілдетілген бағдарламамен,  үйден оқитын оқушыларға ӘБЕО (ақыл-есінің немесе бой бітімінің жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді Әлеуметтік Бейімдеу және Еңбекпен оңалту Орталығы) ұсынған арнайы көмекші оқулықтарға сәйкес құрылған бағдарламамен білім берілді. 2019 жылы ерекше білімді қажет ететін балаларға арналып «Ақыл-ойы және дене бітімі дамуының бұзылулары бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу және кәсіби-еңбекпен оңалту орталығы» жауакершілігі шектеулі серіктестігінен 208 дана кітап сатып алынды. Арнаулы сынып мұғалімдері санаттары жоғары, жыл сайын біліктілік курстарынан өтіп, білім деңгейлерін жетілдіріп отыр.

Оқушылардың ерекшеліктеріне қарай оларға арнайы тақырыптық-күнтізбелік жос-пар құрылып, ата-аналарымен келісіліп отыр. Әр пән бо-йынша оқу бағдарламалары, бақылау күнделігі мен сабаққа қатысу дәптерлері және жеке іс құжаттары бар. Әлеуметтік педагог, дефектолог, сынып жетекшілері ата-аналарымен үнемі тығыз байланыста.   Жыл сайын наурыз айында ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған республикалық «Жұлдызай» байқауы аудан көлемінде өткізілді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға қолжетімді орта туғызу мақсатында Аққыстау орта мектебі стандартқа сәйкес, қалған 14 мектеп бейімделген пандус-кірмемен қамтылып отыр. 23 балаға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі жанынан 5 әлеуметтік қызметкер бөлінген. Мүмкіндігі шектеулі  балаларды оқыту мен тәрбиелеу ісі мектептерде педагогикалық кеңесте, білім бөлімінің кеңесінде, аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда да қаралды және бұл мәселе күн тәртібінен түспейді.

Ерекше білімді қажет ететін балаларды қолдау мақсатында Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп базасында  инклюзивті қолдау кабинетін ашу жоспарлануда.

№4 ТҮЗЕУ КАБИНЕТІ ЖҰМЫСЫ

Кабинеттің жұмыс жасағанына он жеті жыл. Кабинетке балаларды Облыстық медициналық – психологиялық –педагогикалық кеңестің тұжырымы бойынша арнайы мамандар арқылы бірлесе отырып, туылғаннан он сегіз жасқа дейінгі ерекше білімді қажет ететін балаларды қабылдайды.

Психологиялық - медициналық-педагогикалық кеңестен балалар жылына бір рет өткізіледі. Наурыз айында 136 бала көшпелі комиссиядан өтті.

Сондай-ақ логопед, психолог, сенсорлық, емдік дене шынықтыру, Монтессори ойын бөлмесі, сенсорлык бөлмесі, әлеуметтік бөлме бар. Жеке тұлғаларды есепке ала отырып, әр баланың психофизиологиялық және эмоционалдық саулығына жағдай жасай отыру үшін психолог қызмет көрсетіп келеді.

«№4 Исатай ауданының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, бүгінгі күні 135 бала қабылданып отыр. Аталған санаттағы балалар ата-ана өтінішін ескере отырып, кесте бойынша тиісті мамандарда қабылдауда болып, түзету жұмыстары жүргізіледі.

ЖАЗҒЫ САУЫҚТЫРУ ШАРАЛАРЫ

«2021-2022 оқу жылына арналған жазғы каникул кезеңінде балаларды сауықтыру, демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» іс-шаралар жоспарына сәйкес, 1-10 сынып аралығындағы 5110 оқушының 72,1 пайызы қамтылды. Жазғы сауықтыру шараларын ұйымдастыру мақсатында  міндетті оқу қорынан 5 700 000 (бес миллион жеті жүз мың) теңге бөлінді.

Ағымдағы жылдың 6 маусымынан бастап жалпы білім беретін мектептер жанынан 700 баланы қамтумен 8 тамақтандыратын лагерь және 10 маусымнан Қызылүй негізгі мектебі жанынан шипажай үлгісіндегі«Шіркін, ауыл!» атты лагерь ұйымдастырылып, 75 бала қамтылды.

Жалпы білім беретін мектептер жанынан

- 300 баланы қамтумен 15 тамақтандырусыз лагерь,

- 200  баланы қамтумен 15 бейіндік лагерь, 

- 100 баланы қамтумен дебаттық 11 лагерь,

- 200 баланы қамтумен тілдік 15 лагерь,

- 120 бала қамтуымен 4 IT лагерь,

- Жалпы білім беретін мектептер жанынан (Исатай, Гагарин, Ж.Мырзағалиев, Мәсәлімов атындағы орта мектептер және Қызылүй негізгі мектебі ) 5 шатырлық лагерге 60  бала (маусым-тамыз айлары),

- 10  жалпы орта білім беретін мектеп жанынан 10  көгалдандыру  тобына 33  бала(маусым айы),

-10 жалпы орта білім беретін мектеп жанынан 500 баланың мәдени-тарихи орындарға танымдық саяхаттары мен демалыстары (маусым-тамыз),

-5 қосымша білім беру ұйымдарының 1000 бала қамтумен жазғы үйірмелердің қызметі,

-11 мектеп жанында 300 бала қамтуымен «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі бастауыш ұйымдарының жазғы мектептері қызметі ұйымдастырылды.

Ағымдағы жылдың маусым айында Алматы қаласындағы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығында 5 бала, шілде айында Алматы облысы, Қапшағай қаласындағы «Балдаурен-Қапшағай» оқу-сауықтыру орталығында 7 бала, Ресей Федерациясының Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» лагерінде 42 бала  және «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай аудандық комитеті» филиалының  қолдауымен  мұғалімдер мен білім саласындағы қызметкерлердің балаларына арналған Ақтөбе қаласында орналасқан «Кәмпит» лагерінде 5 бала тегін және 8 бала 50 пайыздық жеңілдікпен демалып келді. Қазіргі таңда Шымкент қаласында орналасқан «Көктөбе» лагерінде 30 бала демалуда. Жазғы сауықтыру лагерлеріне бірінші кезекте әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың балалары қамтылуда.

«Үздік мектеп жанындағы лагерь» облыстық байқауына «Балалар демалысының бейінді ауысымдарының үздік бағдарламасы» номинациясы бойынша Х.Наубетов атындағы орта мектебі, «Балалар демалысын ұйымдастырудағы үздік педагогикалық идеялар»  номинациясы бойынша Аққыстау орта мектебі Бас жүлдені иеленсе, «Үздік мектеп жанындағы лагерь» номинациясы бойынша Қызылүй негізгі  мектебі 3 орыннан көрінді.

ҚОСЫМША БІЛІММЕН ҚАМТУ

Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану, жеке қабілетін, шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, талапты да талантты, өмірлік белсенділігі қалыптасқан жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында білім бөліміне қарасты қосымша білім беру ұйымдары, атап айтқанда: Ш.Шәріпов атындағы саз мектебі (295), Жанбай саз мектебі (155), Новобогат саз мектебі (120), Оқушылар үйі 15 үйірмеге (535), Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубы (539) жұмыс жасайды.

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ МЕН ОҚЫТУ

Аудан бойынша 12 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 64 топ, 1307 бала аяқтады. Өткен жылы мектептер жанындағы 33 мектепалды даярлық сыныптарындағы 508 баланы қосқанда мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, оқытумен қамту 100 пайызды көрсетті. 

1-6 жас бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың көрсеткіші – 84,4 пайыз, 3-6 жас аралығы бойынша 100 пайызды құрайды. Қазіргі күні кезекте тұрғаны - 813 бала. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын.

2022-2023 оқу жылында тәрбие жұмысы Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері шеңберінде іске асырылады, оның негізгі идеясы Абайдың «Толық адам» рухани мұрасында бейнеленген үйлесімді дамыған адамның ұлттық бейнесі болып танылады. «Толық адам» тұлғалық жеке қасиеттері білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында, Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» және «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» бағдарламалық мақалаларында, басқа да мемлекеттік тұжырымдамаларда айқын-далған құндылықтар мен басымдықтарды жеке тұлғаны тәрбиелеудің бірегей жүйелік тәсілімен қамтамасыз ету үшін біріктіреді.

Адамгершілік құндылықтар жүйесін қалыптастырудың бір жолы – кітап оқу. 2022-2023 оқу жылында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және оны қолдау, кітап мәртебесін («Кітап оқу – сән») арттыру мақсатында білім алушылар арасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы жалғасады.

Бала қауіпсіздігі  бойынша ауданның барлық білім беру  ұйымдары бейнебақылау камераларымен 100 пайыз қамтылған.

 

(Деректер Атырау облысы Білім беру басқармасы Исатай ауданы білім бөлімі басшысы Г.М.Құрманғалиеваның мұғалімдердің аудандық тамыз кеңесіне жасайтын баяндамасынан ықшамдалып алынды).

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521