«Жас Ұлан» жасөспірімдерді жинады

Сабақ үстінде қымбат ұялы телефонын ақтарып, әуен тыңдап, ойын ойнап, мұғалімінің «қойына» мән де берместен алақ-жұлақ етіп отырған оқушыға қолданатын басқа амалы қалмаған ұстаз баланың қолындағы бағалы телефонын тартып алып тынды.

«Сіздікі жөн, кешіріңіз, енді қайталанбайды» деп сызылып кешірім сұрап тұратын бала қайда қазір, орнынан ытқып тұрды да сарт еткізіп есікті сыртынан жапты.

Келесі күні бала сабақта жоқ. Орнына қос өкпесін қолына алып ата-анасы жетіп келген. «Анау-мынау емес» сіздің айлығыңыздың екеуі де жетпейтін баламның «Айфонын» алып қоюыңызға жол болсын» деп айқайлай кірген ата-анамен қандай мәміле жасау керек? Бұл Х.Нәубетов орта мектебінде өткен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі көшбасшылары мен тәлімгерлерінің аудандық слетіндегі «Ұшқын» тәлімгерлер мен ұланбасылар байқауының «Жас Ұландық жарқын жол» атты ситуациялық сұрақтар кезеңіндегі тапсырма болатын.

Әлгі тығырықтан «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» шығудың жолын топтар дөп таба білді. Мектеп, білім мен тәрбие беру орны болғандықтан, бұнда оқушылар мұғалімнің айтқаны мен мектептің негізгі заңдылықтарына бағынуы тиіс. Ата-ана мен ұстаздың ортақ міндеті – баланың тамырына тәлімнің дәнін егу. Сондықтан, сабақ үстінде артық нәрсемен шұғылданбаған дұрыс. Осы іспетті ойларын жанашырлықпен жеткізген мұғалімнің сөзі қай ата-ананы да ойландыратындай.

Шараға облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, қалалық жас натуралистер стансасының директоры Мартагүл Қанатова және бірлестіктің жоба менеджері, қалалық жас натуралистер стансасының маманы Айзада Сайлыбайқызы, Исатай аудандық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы қоғамдық бірлестігінің атқарушы хатшысы, аудандық оқушылар үйінің директоры Гүлшат Хисметуллина қатысты.

Екі бөлімнен тұратын слетте алдымен «Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында семинар өткізілді. Онда жасөспірімдердің теріс қылықтардан аулақ болып, өз құқықтарын білудің маңыздылығы айтылды. «Рухани қазына» атты екінші бөлімде тәлімгерлер мен ұланбасыларға жобалар ұсынып, оны қорғау міндеттелді.

Шара соңында үздіктер анықталып, марапаттар ұсынылды. Қорытындыда ситуациялық сұрақтар бойынша Аққыстау орта мектебі бірінші, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп екінші, Исатай орта мектебі командасы үшінші орындарды иеленді. Ал, жоба қорғау бағытында Абай атындағы орта мектеп жеңімпаз атанса, Аққыстау орта мектебі белсенділері екінші орынды еншіледі. Үшінші орын Новобогат орта мектебіне бұйырды.

-«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының балалардың қазіргі қоғамда өз орнын табуына, отаншылдық және азаматтық жауапкершілікті сезінуіне, еркін шығармашылық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік беру, тың жобаларды іске асыра отырып, туған өлкеміздің гүлденуіне тамшыдай болса да үлес қосу мақсатындағы бұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады, - дейді қоғамдық бірлестік жетекшісі Гүлшат Хисметуллина.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT