Дарынды жастарымыздың бірі, жас та болса, аудан атынан көптеген деңгейлі сайыстарға түсіп, біраз белестерді бағындырып үлгерген Аққыстау орта мектебінің оқушысы Дана Мәжитова тағы бір өнер байқауынан топ жарды.
Барған байқауынан бос қайтпайтын Дананың бұл жолы да қанжығасы майланды. Өткен аптаның сенбісінде Атырау қаласындағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгер, дәстүрлі әнші, ұстаз Сәуле Жанпейісованың ұйымдастыруымен "АMANAT music - 2019" ІІ Халықаралық конкурс-фестивалінің облыстық кезеңі өтті. Бұл 3-кезеңнен тұратын мега-жобаның 1-ші іріктеуі еді. Басқа да талантты жастардың арасында өнерімен дараланған Данамыз осы байқаудың бас жүлдесін иеленіп, өнерлі өңіріміздің атын тағы бір асқақтатты. Тіпті ол сахнаға шыққанда мамандар басқа сайыскерлерді көрмей тұрып-ақ, келесі кезеңге өтетінін топшылап тастағанға ұқсайды. Хас жүйрікті алыстан танитын қырағылар жарыс қорытындысында Данаға 2 -республикалық кезеңге жолдаманы сыйлады. Енді қызымыз маусым айының 29-30-ы күндері аралығында Алматы қаласында өтетін республикалық 2 - кезеңде Атырау облысының намысын қорғайды. – Сәуле Жанпейісова апайымыз Данаға үлкен үміт артып отыр. Алдағы кезеңдерде де сәтті өнер көрсетуін тіледі. Дегенмен, республикалық ауқымдағы байқаудың деңгейі жоғарырақ болатыны белгілі. Сондықтан, барымызды салып дайындалуымыз керек, - дейді Дана Мәжитованың ұстазы – Ш.Шәріпов атындағы балалар-саз мектебінің мұғалімі Альбина Мидар.
Айта кетейік, Дана жақында ғана Алматы қаласында өткен «Cover-шы» жобасының ақтық кезеңінде 12 әншінің ішінен екінші орынды еншілеп қайтқан болатын.
Серікбол Панабердиев