Оқушылар арасында Қадыр оқулары биыл республикалық деңгейде екінші рет қолға алынып отыр. Оған аудандардан озып шыққан талантты жастар оқудың облыстық деңгейде іріктеуінен өту арқылы қатыса алады.
Қазақтың Қадыры атанған қаламгердің туындыларын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау, оқушылардың поэзияға деген құштарлығын арттыру шығармашылық қабілеті мен талғамдарын анықтауға бағытталған шараның аудандағы іріктеу кезеңі Абай атындағы орта мектепте өткен болатын. Байқау үш номинация бойынша өтті. Ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу, ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындау және жазба ақындар мүшәйрасы секілді үш бөлімнен тұрған сайысқа ауыл мектептерінің жырға құмар жалынды шәкірттері қатысты. Қорытындыда көркемсөзден Өркен орта мектебінің 7-сынып оқушысы Зарина Нұрғали, ән жанрынан Исатай орта мектебінің 10 сыныбында оқитын әншісі Темірхан Әзірбаев, жазба ақындар мүшәйрасынан Гагарин атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Әл-Махамбет Мұхарам өз аталымдары бойынша жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Артынша ұйымдастырылған облыстық сайыс та өнерпаздарымыздың мықтылығын танытты. Ауданнан жолдама алған үш оқушымыз да екінші орындарды еншілеп, абыройымызды асырды.
Серікбол Панабердиев