Адам папиллома вирусы (АПВ) – 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады. Адам папиллома вирусы — бұл бір вирус емес, 200-ден астам түрі белгілі туыстас вирустар тобы. Жоғары онкогендік қауіп түрлері деп аталатын АПВ-ның кем дегенде 14 түрі шырышты қабық арқылы таралады және жатыр мойны обырын, тамақтың, әйел және еркек жыныс мүшелерінің қатерлі ісігін тудыруы мүмкін.
Адамдар папиллома вирусын қалай жұқтырады? Әртүрлі жолмен! Мысалы, қол алысу немесе жыныстық қатынас арқылы. Тері немесе шырышты қабық жанасқанда вирус денеге енеді. АПВ-ны жұқтыру оңай, сондықтан адамдардың 80%-ы өмірінде бір рет болса да осы вирусты жұқтырады. Жұқтырғаннан кейін вирус ағзада ұзақ уақыт тіршілік ете алады, бірақ бұл адам ауырады дегенді білдірмейді. Өзінде вирус бар екені туралы білмеуі де мүмкін. Егер адамның иммунитеті жақсы болса, ауру белгілері болмауы мүмкін. Көп жағдайда адамның қорғаныс жүйесі вирусты бірнеше ай немесе бірнеше жылдың ішінде жойып жібере алады. Бірақ кейде вирус адам ағзасына еніп, сансыз еселенуі мүмкін, сол кезде қатерлі ісік немесе обыр тәрізді қауіпті аурулар пайда болады.
АПВ–ның қай түрі ең қауіпті? АПВ вирусын әйелдер де, еркектер де жұқтырғанымен, әрі көбіне еркектер жұқтырғанымен бұл вирус әйелдер үшін қауіптірек. Ыңғайлы болу үшін оларды «жақсы», «жаман» және «қатерлі» деп бөлейік. «Жақсы» түрі салдарынан аяқ пен қолда сүйел пайда болады. Бұл жағымсыз, бірақ оңай емделеді. «Жаман» вирус немесе қатері төмен АПВ үшкір кондилом тудырады. Олар адамның жыныс мүшелерінде пайда болатын, тері түстес қатерсіз без. Олар түсті орамжапырақ пішіндес. Әйелдерде кондилом жатыр мойнында, қынапта, сыртқы жыныс мүшелерінде және тік ішек айналысында, еркектерде жыныс мүшесі, тік ішек айналасында және жұмалақта пайда болады. Бұларды емдеу сүйелдерді емдеуге қарағанда қиынырақ, бірақ емдеуге болады. «Қатерлі» типті вирус бәрінен де қауіпті. Барлық жағдайда дерлік жатыр мойнының қатерлі ісігін адам папилломасы вирусының 16-түрі немесе 18-түрі туғызатыны дәлелденген. Еркектерде АПВ-сы жоғары қауіпті вирус түрі сирек жағдайларда тік ішек немесе жыныс мүшесі обырын тудыруы мүмкін.
АПВ алдын алу жолдары:
Жыныстық қатынаста тек бір жыныстық серіктес болғаны дұрыс. Бұл әдіс жыныстық жолмен берілетін барлық инфекциялардан, оның ішінде АПВ-дан қорғауға мүмкіндік береді.
Тосқауыл контрацепциясын қолдану – жеңіл, қолжетімді, бірақ әрқашан инфекциядан 100% қорғай бермейді. Науқас тіпті зақымдалған теріге тиген кезде де вирус жұқтыруы мүмкін.
Мерзімді профилактикалық тексерулер. Қыздар гинекологиялық тексеруден тұрақты түрде өтуі керек. Осылай аурудың алғашқы белгілерін анықтап, оны емдеуді уақтылы бастауға болады.
Вакцинация – тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс! Вакцинация ерлерге де, әйелдерге де жасалуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау жатыр мойны обырының даму қаупін 90% - дан астамға төмендетеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыздарды АПВ жоғары онкогенді түрлеріне қарсы 4 валентті вакцинамен егу жоспарлануда. Вакцинация тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. АПВ вакцинасы 6 айлық аралықпен 2 рет егіледі. АПВ-ға қарсы 2 валентті вакцина 16, 18 типті антигендерінен және 4 валентті вакцина 6, 11, 16, 18 типті антигендерінен тұрады. Қолданыстағы вакциналардың тиімділігі өте жоғары. Адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді, екпе ата-аналардың ақпараттық келісімімен, тегін жүргізілетін болады.
Айта кету керек, АПВ вакцинасын әлемнің 110-нан астам елінде, оның ішінде Өзбекстан және Қырғызстан Республикалары сияқты көршілес елдерде егуде.
Исатай аудандық СЭББ басшысының у.м.а Г.Б.Бисенбай