Адам папиллома вирусының алдын алу шаралары

 

Адам папиллома вирусы (АПВ) – тері мен шырышты қабаттардың эпителийіне әсер ететін өте кең таралған вирустар тобы.  Оның 14 түрі онкогенді, яғни онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі. Көптеген адамдарды АПВ алаңдатпайды, бірақ кейбір папиллома вирустар сүйелдерге немесе қатерлі ісікке әкелуі мүмкін.

Жатыр мойны обырының дамуы әйелдің адам папиллома вирусын жұқтыруымен байланысты, бұл туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 95%-дан астам жағдайда жатыр мойны обырын (ЖМО) адам папилломавирусы (АПВ) тудырады. Жатыр мойны обырының 70%-ы АПВ-ның екі түрлі вирус штаммдарынан туындайды. АПВ бар әйелдерде жатыр мойны обырының даму ықтималдығы АПВ жоқ әйелдерге қарағанда 6 есе жоғары.

    Әлемде жыл сайын 600 мың әйелде ЖМО анықталады және одан 340 мың әйел қайтыс болады, ал Қазақстанда жатыр мойны обырының 1600-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан 500-ден астам әйел қайтыс болады. Қазақстанда жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейінгі әйелдерде онкологиялық аурулардың таралуы бойынша екінші орында тұр. Папиллома вирусы адамнан адамға тұрмыстық байланыс және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін.

    Қазақстанда 2024 жылдың 3 тоқсанынан бастап қыздарды вакцинациялау басталды. Адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы Вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізіледі, вакцинация 11 жастағы қыздарға балаларды вакцинациялауға ата-анасының келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Бұл жас ДДҰ, онкологтардың ұсыныстарына сәйкес таңдалды, себебі 11-14 жас аралығындағы иммундау ересек жасқа қарағанда тиімді, себебі тұрақты иммунитет қалыптасады.

    Әлемде бұл вакцинаға сұраныс өте жоғары. Бүгінгі таңда 135-тен астам ел ұлттық вакцинация күнтізбесіне осы вакцинацияны енгізді (соның ішінде Австралия, Бельгия, Канада, Германия, Жапония, Бразилия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Швеция, Испания, Швейцария, Ұлыбритания және АҚШ). Орталық Азия елдері бойынша, көршілес Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан АПВ қарсы вакцинацияны енгізген.

   Ең тиімді қорғану әдісі - вакцинация. Вакцинамен қорғануға болатын - жалғыз қатерлі ісік түрі – бұл жатыр мойны обыры. Халықаралық тәжірибеде жүзден астам елде, соның ішінде ұлдар арасында АПВ вакцинасы енгізілген. Бұл мемлекеттерде жатыр мойны обыры 90%-ға төмендеген.
Исатай ауданы бойынша қазіргі таңда 107 қыз балаға АПВ инфекциясына қарсы екпе жасалды.

 АПВ-ға қарсы вакциналар қаншалықты тиімді әрі қауіпсіз?
- Әлемдік деңгейде АПВ вакцинасы өзінің қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеді.
-Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және әлемнің 125 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстанда жүргізіледі.
-Жасөспірім қыздар арасында АПВ-ға қарсы вакцинацияның тиімді екендігі дәлелденді. Австралияда, АҚШ-та вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ таралуы 90%-ға төмендеді.
-АПВ вакцинациясының арқасында жатыр мойны обырын жоюға болады.
-Бүгін қыздарға АПВ вакцинасын алу туралы шешім қабылдағанда, сіз оларды болашақта онкологиядан сақтайсыз.

 АПВ-ға қарсы вакцинация қалай жүргізіледі?
- Вакцина тегін негізде білім беру ұйымдарының егу кабинеттері арқылы қолжетімді болады. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинацияны тіркелген жері бойынша емханалардан алуға болады.

Вакцинация ата-аналардың немесе қамқоршылардың ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі.
АПВ-ға қарсы вакцинация қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда дәрігердің қарауынан кейін жүргізіледі.
АПВ-ға қарсы вакциналар стандартты 0,5 мл көлемде иықтың дельта түріндегі бұлшықетінің ішіне енгізіледі.

 Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинацияның қандай кестесі қолданылады?
- ДДҰ ақпаратына сәйкес, вакцинация кестесі негізінен егілген адамның жасына байланысты айқындалады.
-ДДҰ ұсынымын, өндірушінің нұсқаулығын, Қазақстан Республикасында халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың Ұлттық техникалық консультативтік тобының ұсынымдарын ескере отырып, 6 ай аралықпен 2 дозадан тұратын қыздарға арналған АПВ-ға қарсы вакцинациялау кестесі ұсынылды.
Айта кету керек, кез келген вакцинация, соның ішінде АПВ вакцинациясы ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін ғана жасалады.

 

Г.Б.Бисенбай

Исатай аудандық СЭББ басшысының у.м.а 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT