Айбастың дәрігері қайда?

Айбас қонысында болған жиында Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Мәди Өтеғалиев округ бойынша атқарылған жұмыстарымен таныстырса, аудан әкімі Марат Мурзиев қолдағы мал басын асылдандыруға арналған мемлекеттік бағдарламаларға және мемлекеттен берілетін субсидияларға шолу жасады.

Жалпы, Айбаста 32 шаруа қожалығы бар десек, орталықтан шалғай орналасқанына қарамастан, олардың жағдайы бүгінде өзгелерден көш ілгері. Телефон байланысы бар, біразы желден қуат алатын генераторлардың көмегімен жарықты үздіксіз тұтынып отыр. Әлі де болса жанармай генераторын қолданатын шаруалар үшін аудан арқылы несиеге қол жеткізсе, жел генераторына оңай, бастысы тегін қол жеткізе алатынын айтқан аудан әкімі осындай тиімді ұсынысқа құлақ асып, күнделікті азын-аулақ қолдағы мал басын місе тұтпай, алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар арқылы әлі де болса асыл тұқымды малға қол жеткізуге шақырды. Өйткені, Тұщықұдық ауылдық округінде барлығы 23665 бас мал болғанымен, былтырдан бері тек түйе малында ғана өсім бар екен. Басқа түліктер керісінше кеміп, соның әсерінен жалпы мал басы 1 мың басқа азайған.

Өз кезегінде айбастықтар округ, аудан аумағында атқарылып жатқан оңды істерге ризашылықтарын білдіре келіп, көкейдегі өзекті мәселелерін де жасырмады. Атап айтқанда, бұрын Айбасты қамтыған дәрігерлік пункттің жабылып, құмдағы жүздеген адамның басы ауырып, балтыры сыздаса көмекке жүгінетін мамансыз қалуына қынжылатынын жеткізді. Ол мәселеге жауап берген аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Төлеген бүгінде медициналық қызметті сандық жүйеге көшіру үдерісіне байланысты Айбастағы медициналық пункттің жабылуын растады. Әрі, осыған дейін құм өңірін бір өзі қамтамасыз етіп келген маман да қызметтен өз еркімен шығып, басқа жұмысқа орналасқан. Дегенмен, тұрғындарды медициналық көмектен қол үздірмеу мақсатында құмда көшпелі қызмет ету қосынын ұйымдастыру жоспарда бар екенін жеткізді. Аптасына бір рет құм өңірінің батыс бетін Нарын ауылдық округінің фельдшері қадағаласа, шығыс бетіне Қызыл үй ауылындағы маман қызмет етуі мүмкін. Мамандарға қосымша ақы, көлік ретін шешіп, шаруаны біржақты етуді аудандық әкімдік өз бақылауында ұстайтын болады.

Күй анасы Дина Нұрпейісова келін болып түскен жер Шәпек қонысында Дина әжемізге арнап белгі қою жөнінде ел адамдары көптен мәселе көтеріп жүрген еді. - Аудандық әкімдіктің өтінішімен «Жайықмұнайгаз» МГӨБ демеушілік жасап, ол ескерткіш бүгінде дайындалып бітті. Енді жақын күндері Шәпек қонысында ел-жұрттың қатысуымен ескерткіштің ашылу рәсімі өтіледі, - деді аудан әкімі.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT