Алғаш рет краниостеноз сырқатына ота жасалды

Батыс Қазақстан аймағы бойынша алғаш рет краниостеноз сырқатына ота жасалды.

Венера Байсейітова баласы Абдолланың дүниеге келгеннен-ақ бас пішінінде ақау барын сезгенін айтады.

– Перзентханада осы баламды өмірге əкелгенде қиналғаным рас, ұлым жарық көрді ме деп қуанғанда, оны кеудеме қойғанда-ақ аналық жүрегім оның денсаулығында бір кінəрат барын сезді. Содан дəрігерлер бəрінің жақсы болатынын айтып, уақыты келгенде үйге шықтық. Бірақ, кішкене ес жинап алып Мақат ауданы мен Атырау қаласының невропотолог мамандарына жүгіндім. Алайда, олар баламның ауруын анықтай алмады. Содан "Салюс" жеке клиникасына барып, ұлымыздың жүйке жүйесі ауруы - "краниостенозға" шалдыққанын білдік. Қорытындыны алған бетте облыстық балалар ауруханасына келгенімізде дəрігердің бұндай ауруға ота тек Астанада жасалатыны мен керекті сараптамалардың тізімі жайында ақпарат алдық. Содан екі күннен соң облысқа Тараз облыстық балалар ауруханасынан келген нейрохирург Шадёр Арипов менің балама ота жасайтын болды, – дейді ана.

Осылайша, керекті анализ қорытындылары анықталып, жеті айға толмаған балаға өте ауыр отаны жасатуға тура келіпті.

– Ота өте сəтті шықты. Баламның үшбұрыш басын доп-домалақ қылып бергені үшін, дені сау күйінде бір тəулік ішінде өзіме аман-сау қайтарғаны үшін дəрігерге көп рақмет. Біздің ауданда осы сырқатпен ауыратын балалар бар, олар отаны жергілікті мамандар жасай алмайтынын айтып, Астанаға апарғанын білетінмін. Қазір баламның жағдайы бірқалыпты, енді бір апта шамасында үйге қайтамыз, – дейді ол.

Нейрохирург дəрігер Шадёр Рахимұлы төрт жыл еңбек өтілімен осы диагнозбен Таразда 6-7 рет ота жасағанын, олардың бəрінің сəтті шыққанын айтады. Сырқат мың сəбиге шаққанда бір жаңа туылған нəрестеде кездеседі екен. Басшылықтың арнайы сұраныспен келген дəрігердің бар жағдайын жасап қойғандығы бізді қуантты. Дəрігер Абдолла Мулхайдардың отасының 3 сағат 30 минутқа созылғанын əрі сəтті болғанын айтты. Бүгінде балада аурудың ізі де қалмаған.

–Статистикаға сүйенсек, біздің облыста жаңа туған бала өлімі сепсис, жүрек талмасы, лейкоз сырқаттарында көптеп кездеседі, – дейді осы аурухананың статистик маманы Əсем Серікбаева.

Тағы бір білгеніміз, баланың басына сәби жеті айға толғанға дейін ота жасауға болады екен. Одан әрі сүйек қатайып кететін көрінеді.

Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521