Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін дәрі-дәрмек беруді бақылау нәтижесін қорытындылады

Тегін дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру барысын бақылау нәтижелері жарияланды.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Медициналық Сақтандыру Қоры мен «СҚ-Фармация» ЖШС бірлесіп өткізген шара аясында биылғы жылдың 12 сәуірі мен 30 маусымы аралығында SMS-хабарлама жүйесін іске қосқан болатын. Атап айтқанда, 2019 жылдың сәуір-маусым айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттердің телефондарына SMS-хабарлама жіберілді. Барлығы 1 миллионнан астам SMS-хабарлама жіберілген. Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетілді. Препараттар шын мәнінде қолына тимеген пациенттерге SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдау немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалу ұсынылған болатын.

SMS-хабарлама қорытындысы бойынша, Қорға 27 798 пациенттен жауап келді. Оның ішінде 4 137 пациенттің дәрі-дәрмекті алмағаны анықталды.

Сондай-ақ, бұл мониторинг жазылған рецептілер мен қолма-қол берілген дәрі саны бір-біріне сәйкес келмейтін 10 медицина ұйымын анықтауға мүмкіндік берді. Қор былтыр дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізілген рецептілерге ғана ақы төлеуге көшті.

«Бұл жобаның басты мақсаты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді бақылауға тұрғындарды тарту және де жоба аясында ұсынылатын тегін дәрі-дәрмектерге мониторинг жүргізу болып табылады. Монитоинг нәтижесінде ақпараттық жүйедегі мәліметтер мен дәрі-дәрмекпен нақты қамтамасыз ету көрсеткіші арасында едәуір алшақтық бары анықталды» деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы директоры Б.Ғазизов.

2019 жылдың 12 сәуірі мен 30 маусымы аралығында «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесі мәліметі бойынша Атырау облысында дәрі-дәрмектермен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтылғандар саны - 21817 пациенттерді құрады, оның ішінде қамтылған рецептілер саны – 44 787 болды. Қамтылған рецептілер сомасы 970 213 848 теңгені құрап отыр.

МСҚ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмек (ТМКК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінің операторы. 2018 жылдан бастап Қор ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеп келеді. МӘМС пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталмақ.

Дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды «СК-Фармация» ЖШС сатып алады (МСҚ-мен арадағы келісімшарттан түскен қаржы есебінен). «СК-Фармация» дәрі мен медициналық бұйымдарды келісімшарт бекіткен медицина ұйымдарынан түскен өтініштер негізінде сатып алады. 2019 жылы МСҚ мен «СК-Фармация» ЖШС арасындағы келісімнің құны 86,9 млрд теңге болды.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ

Атырау облысы бойынша филиалы

+ 7 7122956936

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT