Атыраулық дәрігерлер алты айлық сәбидің өмірін аман алып қалды Кішкентай бөбектің ішек өтімсіздігі әсерінен шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне жатқызылған, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
![]()
Жедел жағдайда хирургиялық бөлімге жеткізілген науқаста ауырсыну мен нәжіске қан араласу белгілері көрінген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, сәбиде құсудың әсерінен дегидратация дамып, ішек инвагинациясы пайда болған. - Науқасқа ота 1 жарым сағат көлемінде лапароскопиялық әдіспен жасалынды. Бұл елімізде көп кездеспейтін операциялық әдістердің бірі. Бірақ, ота күрделілігіне қарамастан сәтті аяқталды. Қазіргі таңда сәбидің жағдайы бірқалыпты. Тыныс алу ырғағы қалпында, жиілігі минутына – 36. Аускультация кезінде жүрек соғу жылдамдығы да дұрыс. Пульс минутына – 132. Отадан кейінгі тігістер алынып, жара өңделді, - дейді хирургия бөлімшесінің дәрігері Аманжол Адрисов. Ауруханада қажетті емді қабылдап болған бүлдіршіннің анасының дәрігерлерге айтар алғысы шексіз. Отадан соң жағдайы жақсарып, сәбиім өмірге қайта келгендей болды дейді ол.