«Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың жетекшілігімен эпидемиологиялық ахуал және вакцинация, ревакцинация мәселелері талқыланған жиын өтті» - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Селекторлық отырысқа аудан әкімдері мен облыстың бас дәрігерлері қатысты. Өңірде тұмаудың өршіп, эпид-ахуалдың күрделенуіне байланысты, жиын төрағасы Бақытгүл Хаменова жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, ревакцинация жөнінде кеңінен түсінік жұмыстарын жүргізіп, қайта вакцинациялауға жататын тұрғындар санын нақтылауды тапсырды.
- Қазір ерекше амикрон штаммы таралып жатыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бұл әрбір елге де келуі ықтимал. Біз күтпеген дельта штаммы да Атырауға келіп, көп адамның өмірін алып кеткен болатын. Дерт дендеген уақытта осыдан 9-10 ай бұрын екпе алдық. Алайда, жарты жыл уақыт ішінде адам бойындағы иммунитет әлсірейді. Сондықтан, қайтадан екпе алу керек. Бұл – ревакцинация деп аталады – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.