Атырау облысында 2024 жылы халық арасында жедел бруцеллезбен 7 науқас тіркеліп, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 1,0 құрады, 2023 жылмен салыстырғанда, халық арасында бруцеллезбен аурушаңдық 3 жағдайға төмен (2023ж. – 10 науқас, көрсеткіш – 1,4).
Бруцеллез – жануарлар мен адамдардың зооноздық жұқпалы ауруы. Бұл ауру адамға ауыл шаруашылығы жануарларынан жұғады. Адамдар үшін жұқтырудың негізгі көзі – бруцеллезбен ауыратын қой, ешкі, ірі мүйізді мал және шошқа.
Адамдар ауру малды күту кезінде жеке гигиена шараларын сақтамағанда жұқтырады. Адамдар үшін ауру жануарлар ғана емес, сонымен қатар олардан алынған тамақ өнімдері мен шикізаттар да қауіпті.
Бруцеллездің қоздырғышы зақымдалған тері, шырышты қабаттар, шикі сүтті немесе термиялық өңдеусіз дайындалған сүт өнімдерін пайдалану арқылы енеді.
Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы 1-3 апта аралығында, бірақ кейбір жағдайларда бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.
Бруцеллездің алғашқы белгілері қалтырау, дене қызуының көтерілуі, тершеңдік болып табылады. Бруцеллездің алғашқы белгілері - қалтырау, дене қызуының көтерілуі, терлеу. Көп ұзамай бұл белгілер күшейіп, енжарлық, әлсіздік, жұмысқа қабілеттің төмендеуі, арқа мен буындардың ауырсынуы пайда болады.
Бруцеллез диагнозы міндетті түрде зертханалық зерттеулердің оң нәтижелерімен расталады.
Адамдарда ауру ұзақ уақыт бойы жалғасады, мезгіл-мезгіл асқынып, мүгедектікке әкелуі мүмкін. Сондықтан бруцеллездің алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу дәрігерге қаралу керек. Уақытылы диагностикалау және емдеу жедел бруцеллездің созылмалы кезеңге өтуіне жол бермейді.
Бруцеллездің алдын алу үшін келесі ережелерді атап айтқанда:
- базардан жануарларды сатып алу кезінде жеке тұлғалардан ветеринариялық ілеспе құжаттарын талап ету;
- жануарлардың барлық ауырған жағдайлары (түсік, өлі туу, буындардың зақымдануы және т.б.) туралы ветеринариялық қызметке хабарлау;
- ет және сүт өнімдерін қатаң белгіленген орындардан (базарлар, дүкендер, супермаркеттер) сатып алу;
- жануарларды күту кезінде жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау қажет.
Аймұратова Алтынгүл Бөкенбайқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары