Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (бұдан әрі - ЖРВИ) мен тұмаудың эпидемиялық маусымы 2023 жылдың 1 қазан айынан басталып, 2023 жылғы 1 мамырға дейін созылады.
Алдағы 2023-2024 жылдардағы тұмаудың эпидемиялық маусымында біздің облыста А/H1N1/pdm09 мен A /H3N2/ типті вирустың қосалқы түрлерінің айналымы және бұған В вирусының қосылуы мүмкін.
2023-2024 жылдардың өткен эпидмаусымында облыс бойынша ЖРВИ-ның 59 709 жағдайы, 100 мың адамға шаққандағы ауру көрсеткіші 8644,1 құрады. Оның ішінде тұмаудың зертханалық дәлелденген 65 жағдайы (оның ішінде жүкті әйелдер арасында – 25 жағдай, 14 жасқа дейінгі балалар – 16 жағдай) тіркелген болатын. Өткен эпимаусымда тұмаудың 3 вирусы: A /H1N1/, A /H3N2/, сондай-ақ В вирусы айналымда қатар болды.
Тұмаудан басқа облыста тұмау емес вирустар айналымда болады. Өткен маусымда барлығы 614 үлгі зерттелді, оның ішінде 32,4%-да оң нәтиже анықталды (199 жағдай). Негізінен, риновирус, бокавирус, РС вирус, аденовирустық инфекция анықталды.
Тұмау инфекциясының дамуының бірқатар ерекшеліктері болады. Тұмаудың бірінші белгілері ағзаға түскен вирустың көлеміне, адамның иммундық жүйесінің жағдайына, вирустың типіне байланысты. Ауру инкубациялық кезеңнен басталады. Жұқтырудан бастап бірінші белгі пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін өтеді (орташа есеппен 2-4 күн). Аурудың белгілері өте жіті басталады, сондықтан, пациент ауру белгілерінің басталуын көбінесе нақты атай алмайды.
Шұғыл көмекті қажет ететін белгілер туралы мынаны есте сақтау керек: 3-5 күннен астам уақыт дене қызуының 38-40°С-тан жоғары болуы, бастың қатты ауыруы (ауырсынуды басатын препараттарды қабылдағаннан кейін де ауыру), сондай-ақ демікпе, естің бұзылуы, аяқ-қолдың тартылуы, аяқтағы геморрагиялық бөртпе.
Тұмаудың алдын алудың барынша тиімді әдісі вакцинация болып табылады.
2023 жылы жергілікті бюджет қаражатына Ресей Федерациясында өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасының 65 000 дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында тұмаудың A /H3N2/, A/H1N1/ және B –штаммдарының антигендері бар.
Тұмаудың жылсайынғы маусымдық вакцинациялау жұмыстары 2023 жылдың 1 қазан айынан бастап барлық облыстың емханаларында басталады.
Сатып алынған вакцинамен ақысыз түрде халықтың осал тобына жататын: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің, сабилер үйлерінің балалары, қарттар үйлерінің контингенті, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместрінде жүкті әйелдерді және эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша тұмауға қарсы вакцинацияланды.
Анықтама үшін:
Барлығы өткен эпидемиялық маусымда облыста тұмауға қарсы 67 111 адам егілді (халықтың жалпы санының 10,1%-і), оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан 65 000 адам егілді, жұмыс берушілер есебінен 2111 адам егілді.
Сонымен қатар, тұмаудың алдын алудың мынадай негізгі ережелерін естен шығармаған жөн:
Тұмауға қарсы вакцинациялаудан басқа, тұмаудың және басқа да тұмауға ұқсас аурулардың алдын алудың арнайы емес әдістері де бар. Олар мыналар:
- адам көп жиналатын орындарда және қоғамдық көлікте болу уақытын мүмкіндігінше қысқарту;
- жабық үй-жайларда және адамдар көп жиналған орындарда бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану;
- ауру белгілері, мысалы түшкіру немесе жөтелу белгілері бар адамдармен байланысты мүмкіндігінше шектеу;
- даладан және қоғамдық көліктен келгеннен кейін қолды мұқият жүйелі түрде жуу;
- даладан және қоғамдық көліктен келгеннен кейін мұрын қуысын тұзды сумен шаю;
- өзіңіз отырған үй-жайды жүйелі түрде желдету;
- үй-жайға жүйелі түрде ылғалды жинау жүргізу;
- дәрігердің ұсынымы бойынша иммунитет көтеретін препараттарды пайдалану.
Салауатты өмір салтын ұстаныңыз, жақсы тамақтаныңыз және жүйелі түрде дене шынықтырумен айналысыңыз.
Сарсенгалиева Айнагүл Әділқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы
Сурет: ашық дереккөз