Атырауда ​екпе алған он адам бір сәтте миллионер атанды

Атырауда «Вакцина ал да, ақшалай сыйлыққа ие бол!» ұтысының финалдық кезеңі қорытындыланды. Жеңімпаздардың есімдері тікелей эфир мен әлеуметтік желілерде жарияланды – деп, хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырауда коронавирусқа қарсы екпе алғандарға жалпы сомасы 10 миллион теңгені құрайтын, ақшалай сертификат табыс етілді.

Финалдық кезеңде 1 миллион теңгеге ие болғандардың бірі – Ашық Мақбұле.

«Жолдасым екеуміз көктемде «Спутник» вакцинасын алдық. Ұтыс ойынына қатысатынымызды білмедік, ұтыс туралы тікелей эфирде естігенімізде, сене алмадық. Ұйымдастырушыларға тосын сый үшін көп рахмет. 72 жастағы әкеміз де​ бізбен бірге екпе алды. Енді балалар арасында коронавирусқа қарсы вакцина егу басталса, оларды да екпе алу арқылы қорғауды ​ жоспарлап отырмыз», - деді Ашық Мақбұле.

Жүлдегерлер қатарында көп балалы ана Алтын Бозжанова да бар.

«Мен үшін бұл жүлде үлкен тосын сый болды. Депозит ашып, осы ақшаны ары қарай​ балаларымның болашағы үшін жинаймын. Өзім, облыстық жүйке-психиатриялық диспансерде асханада жұмыс істеймін. Менің жұмысымның ерекшелігі сол, адамдармен жиі байланысуға тура келеді, сондықтан, өзімді және жақындарымды қорғау үшін​ иммунизациядан өту керек деп шештім. Ұтыс ойынына қатысқанымды да білмедім. Ұтыс туралы хабар алғанымда әзіл деп қабылдадым. Атыраулықтарды коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алуға шақырамын, бұл қалыпты өмірімізге оралудың жалғыз жолы», - деді А.Бозжанова.

Еске сала кетейік, Атырауда ​ 30 маусым мен 30 қыркүйек аралығында екпенің I немесе II компонентін алғандар арасында әр 10 күн сайын 200 мың теңгеге 10 ақшалай сертификат ойнатылды. Соның ішінде, 30 маусым мен 31 шілде​ аралығында вакцина алғандар үшін тамыз айында 3 млн теңгелік 2 сертификат ұтысқа түсті. Ал, қыркүйекте тамыз айында вакцина алғандар​ арасында 3 млн теңгеге тағы 2 сертификат ойнатылды.

Жалпы жүлде қоры 40 миллион теңгені құраған вакцина алуды ынталандыру акциясы «Атырау облысының Азаматтық альянсы» ММ қолдауымен жүзеге асты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521