ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен "Денсаулық - байлық" дәрігерлер мен мемлекеттік қызметшілердің ашық кездесуі ұйымдастырылды.
Кездесу қонақтары - №2 Атырау облыстық ауруханасының дәрігерлері Мерей Ғайнеденов (хирург) пен Жанби Амангелдиева (терапевт). Мақсат - мемлекеттік қызметшілерге салауатты өмір салтын қалыптастыру және түрлі ауру-сырқаттардың алдын алу, ақпараттандыру. Кездесуде сөз алған дәрігерлер емен-жарқын әңгімелерімен бөлісіп, қазіргі таңда көп кездесетін ауру түрлері мен сақтану, емделу жолдарын айтып өтті. Жұмыс уақытында медициналық ақпараттар алуға көп уақыты жетіспейтін мемлекеттік қызметшілер өздерін толғандырған сұрақтарына жауаптар алды. Дәрігерлер мемлекеттік қызметшілерге кеңседе жұмыс жасау барысында туындайтын ауру түрлері мен олардың алдын алудың алғышарттарын да түсіндірді.
Шарада сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің Әкімшілік басқармасының басшысы Сапарбай Қуанышев №2 облыстық аурухананың бас дәрігері Мағжан Сейітжановқа Департаменттің бастамасын қолдап осындай кездесудің өтуіне мұрындық болғанына ұжым атынан алғысын білдірді.
Ал, дәрігерлердің құнды ақпараттарын тыңдаған Департамент қызметкерлері мен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері осындай игілігі мол кездесулер жиі ұйымдастырылса ұсыныстарын білдірді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігі Атырау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі