Балалар ойыншығын таңдау кезінде өте мұқият және үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Ойыншық сатып алатын кезде күмәнді беделі бар жерлер мен дүкендерден кездейсоқ сатып алудың қажеті жоқ, өйткені мұндай жерлерде олар өнім сапасының қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды. Балалар ойыншығын сатып алу кезінде бұл өте маңызды. Өйткені, сапасыз өнімдер баланың денсаулығына байланысты ақаулар тудыруы мүмкін.
Өкінішке орай, көптеген тұтынушылардың сатушылардан сапа құжаттарын сұрау ойларына келе бермейді. Бірақ өнім сатып аларда өнімнің қауіпсіздік құжаттары бірінші кезекте ескерілуі керек.
Осыған орай балалар ойыншығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында Қазақстан Республикасымен бірқатар заңнамалар мен нормативтік актілер қабылданған болатын. Еуразия экономикалық одағының (КО ТР 008/2011) "Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы" Техникалық Регламенті балалардың және оларды бақылайтын адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғайтын, сондай-ақ ойыншықтарды сатып алушыларды жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу мақсатында ойыншықтардың мақсаты мен қауіпсіздігіне қатысты қойылатын талаптарды белгілейді.
Ойыншық және оның құрамдас бөліктері, оның ішінде бекіткіштер, ойыншықты мақсатына сай пайдалану кезінде пайда болатын механикалық жүктемелерге төтеп беруі керек, бұзылмайтын және өзінің тұтынушылық қасиеттерін сақтайтын болуы тиіс. Барлық металл бөлшектерді қайырып немесе полимерлі жабынмен жабу керек. Бекіткіштердің өткір ұштары балаға қол жетімді болмауы керек. Ойыншықтың қозғалмалы құрамдас бөліктері балалардың жарақат алу қауіпін болдырмау тиісті және ұсақ механизмдері балаға қол жетімді болмауы керек.
Ойыншық және алынбалы бөлшектері бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтар, сондай-ақ тағамға тікелей бекітілген ойыншықтар жоғарғы тыныс жолдарына түспейтін өлшемде болуы керек. Ойыншықтардың қорғаныс және сәндік жабыны дымқыл өңдеуге, сілекей мен тердің әсеріне төзімді болуы керек. Баланың аузымен жанасатын сылдырмақ ойыншықтарды беттік бояуға жол берілмейді. Жұмсақ ойыншықтардың толтырғышында қатты немесе өткір бөгде заттар болмауы керек.
Баланың психикасына зиян келтірмейтін ойыншықтарды алыңыз. Психологтар балаларға әртүрлі құбыжықтарды, мутанттарды және тағы басқаларды сатып алуды ұсынбайды. Егер ойыншық музыкалық сүйемелдеуімен болса, сатып алмас бұрын барлық әуендерді тыңдап, баланың қорықпайтынына көз жеткізіңіз.
Ойыншықтар міндетті түрде таңбалануы керек. Ойыншықтың таңбалауында мынадай ақпарат болуы тиіс: ойыншықтың атауы; ойыншық жасалған елдің атауы; дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның), импорттаушының атауы және орналасқан жері, олармен байланысуға арналған ақпарат; дайындаушының тауар белгісі (бар болса); ойыншық немесе баланың жасын білдіретін пиктограмма арналған баланың ең төменгі жасы; негізгі конструкциялық материал (3 жасқа дейінгі балалар үшін) (қажет болған жағдайда); ойыншыққа күтім жасау тәсілдері (қажет болған жағдайда); дайындалған күні (айы, жылы); қызмет ету мерзімі немесе жарамдылық мерзімі (олар белгіленген кезде); сақтау шарттары (қажет болған жағдайда).
Сатып алынған ойыншықтарды үйде сабынмен жуып, дезинфекциялық ерітіндімен өңдеу керек. Өңдеу аяқталғаннан кейін және 10 минуттық экспозициядан кейін кішкентай балаларға ойыншықтар бермес бұрын, заттарды таза ағынды сумен шайыңыз.
Балалар ойыншықтары - сапа талаптарының сақталуы өте маңызды өнім болып табылады. Базарларда немесе көшеде сатып алынған ойыншықтарда ілеспе құжаттар жоқ, олардың өндірушісі белгісіз, сондықтан сіздің балаңыздың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейді. Ең дұрысы – ойыншықтарды, балалар тауарларын сататын арнайы дүкендерден сатып алу.
Құрметті ата-аналар! Ойыншықтарды сатып алар алдын абай болыңыз. Сатып алудан бұрын сатушылардан тауардың қауіпсіздігін растайтын құжаттарын ұсынуды талап етіңіз. Өнімді күмәнді жерлерде сатып алмаңыз, таңбалауға және қауіпсіздігіне басты назар аударыңыз. Осы ережелерді сақтай отырып сіз балаңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аласыз.
Искакова Айгүл Сабырқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті
басшысының орынбасары