БАЛАЛАРДЫ ҚЫЗЫЛШАДАН ҚОРҒАЙЫҚ!

Фото:https://kartinki-i-risunki.ru/

Қазіргі таңда қызылша мен тұмауға қатысты жағдай тұрақсыз болып тұр. Ауданымызда да жұқпалы дертті жұқтырған ересек адамдар мен балалардың саны көбеюде.

Алдымен айта кетейік, өте кең түрде таралған инфекциялық ауру қызылша көбінесе балаларда кездеседі. Оның белгілері дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығы қабынып, теріде бөртпелер пайда болады. Назар аударарлығы, қызылша қазіргі таңда ең жұқпалы аурудың бірі болып табылады. Бұл 100 пайыз жұқпалы ауру, яғни бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланысқа түссе, жұқтыру қаупі туындайды.

Аурудың себептеріне келер болсақ, инфекция ауа жолы арқылы беріледі. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде түкірікпен, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді. Вирустың таралуы сыртқы ортаның тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлары белгілі.

Бұл аурудың инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол суық тию белгілерімен басталады: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі.

Қызылшаның дамуын байқаған сәтте кешіктірмей дәрігерге қаралу керек. Асқынбай тұрғанда емдеу үшін төсекте жату режимі, суды көп ішу, қызуын түсіретін, тұмау және тамақ ауруын, қақырықты түсіретін препараттар мен витаминдерді қабылдау. Ал қызылшаның асқынған түрін емдеу стационар жағдайында жүргізіледі.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Қызылшадан егу вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. Кейбір балаларда егуден кейін 6 күннен 20 күнге дейін дене қызуы көтеріліп, кейде конъюнктивиттің және бөртпелердің пайда болуы байқалады. Бұл белгілер 2-3 күнге дейін сақталады, содан кейін бәрі жақсы болады. Қорықпаңыздар, бұл жағдайлар болуы мүмкін және олар қауіпті емес. Сонда да, егуден кейін қандайда бір қабыну болса, міндетті түрде дәрігерге көріну керек. Ең алғашқы вакцинацияны балаларға 12 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Егу 15 жасқа дейін өте сенімді қорғауды қамтамасыз етеді.

Біздің «Ақбота» бөбекжай-бақшасында қызылшаға қарсы күрес тақырыбында ата-аналармен түсінік жұмыстары жүргізілді. Аудандық СЭБ басқармасының маманы А.Улданованың қатысуымен бөбекжай қызметкерлеріне қызылша және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу, оларды ерте анықтау жайында дөңгелек үстел жиыны өткізілді. «Таңертеңгілік сүзгі» ұйымдастыру кезінде анықтау жүргізу, қызылшаның белгісі бар немесе дене қызуы жоғары балаларды дереу ата-анасы келгенінше оқшаулау керектігі баса айтылды. Сондай-ақ, қызылша мен тұмаудың алдын алудың тиімді жолы екпе алу екені түсіндірілді.

 

Айгүл МУСАҒАЛИЕВА,

«Ақбота» бөбекжай-бақшасының медбикесі 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT