Баланы бүгін қорғамасақ, ертең кеш болады

Ауа тамшылары арқылы таралып, ағзаға туберкулез бактериялары түскенде дамитын аса қауіпті жұқпалы ауру – туберкулез туралы аз айтылмайды.

Негізгі белгілері – жалпы әлсіздік, шаршау, екі апта бойына үздіксіз жөтелу, асқа тәбеттің жоғалуы, түнде терлеу, салмақ жоғалту, дене температурасының көтерілуі, кеуде тұсының шаншуы, қан түкіру. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге көріну керек, өйткені, қандайма болмасын ауруды ерте тауып, емін ерте бастаған – маңызды. Айта кетейік, уақытылы ем алған адам туберкулезден жазылатынын ұмытпауымыз керек. Туберкулездің алдын алу шаралары: балаға БЦЖ вакцинасын алу, жеке бас гигиенасы ережесін сақтау, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, қоршаған орта гигиенасын сақтау, үйді үнемі желдету, терезелерді ашып, күн сәулесі мол түсуге жағдай жасау. Бұл ауру адамнан адамға жұғатын болғандықтан, егер өзіңіз ауырып қалсаңыз, жанұяңызды, балаларыңызды қорғау үшін бірден бөлектеудің маңызы зор.

Біз әлі осыған мән бермей келеміз. Көбіне «ауру ауруханада ғой» немесе «бұл жұқпалы түрі емес» дегендей сылтауларға сүйенеміз. Дұрыс түсінуіміз керек, туберкулезбен ауырушы болған жерде туберкулез микобактериясы жоқ деген – өз-өзіңді алдау. Өйткені, бұл аурудың өзі сол қоздырғыш микробы зақымдағанда ғана пайда болады. Сондықтан балаларды ауырған адамнан ғана емес, жалпы сол ошақтан бөлектеу керек. Қазір елімізде аурудың алдын алуда бір адам ауырған жерден қалғандары ауырмасын деген мақсаттағы үлкен жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, мектеп жасына дейінгі балаларды бөлектеу үшін әр ауданда тегін балабақша жұмыс жасайды. Атырау қаласында мектеп-интернат бар, онда оқыған балалар жаз бойы сауықтыру-демалыс лагерьлерінде тегін демалады. Осы мүмкіндікті пайдаланбай, балаларын бөлектеуден бас тартып отырғандар қаншама.

Егер, енді бірнеше жылдан кейін, қазір туберкулез микобактериясын жұқтырған (инфицированный) бала ауырып қалса, кім кінәлі болады? Өкінішке орай, ондай жағдайлар өте көп кездесіп тұр. Туберкулездің алдын алу бала өмірге келген сәттен, перзентханада БЦЖ екпесін алудан басталады. 6-7 жаста, мектеп табалдырығын аттағанда, қайталап егіледі. Соңғы жылдары түрлі себептермен осы екпеден бас тартушы ата-ана саны өсіп отыр, яғни, сол балалар қорғансыз деген сөз. Бұл ауа арқылы да таралатын ауру болғандықтан ондай балалар мектепке барып, есейгесін оқуға түсіп не еңбекке араласқанда түрлі ортадан кез келген жағдайда ауру жұқтырып алады. Өйткені, өздеріңіз көріп отырғандай, айналамызда туберкулез ауруы жойылып кеткен жоқ. Салауатты өмір салтының ең бастысы осы алдын алу екпелерін уақытымен алу. Әр адам міндетті түрде жылына 1 рет флюорографиялық тексеруден өтуі керек. Ауданда бойынша, осы аурумен ауырып, аяқтай емін алып жүргендерге әлеуметтік көмек көрсету мақсатында арнайы қабылданған құжаттарға сәйкес қаржылай көмек те беріліп келеді. 2018 жылдың 8 айында аудандық аурухана түсірген тізімге сәйкес осындай 27 науқасқа 649350 теңге әлеуметтік көмек беріліп отыр. Қорыта айтқанда, туберкулезден өзімізді өзіміз қорғауымыз керек. Соның ішінде балаларымызды бүгін қорғамасақ, ертең кеш болады.

Өзихан ШАКЕСОВА,

аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521