Біз туберкулезді жеңе аламыз!

сурет ғаламтордан

 

Туберкулез – жұқпалы ауру. Ең жиі кездесетін түрі – өкпе туберкулезі. Туберкулездің негізгі жұғатын көзі туберкулез микробтарын тарататын науқас адам. Науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде, ән айтқанда түкірікпен, қақырықпен әлденеше миллиард туберкулез микробтарын бөліп шығарады және олар 1 метрден 5 метрге дейін шашырайды,ең қауіптісі ол ауада таралып, көп уақыт сақталады.

Науқас адамның жерге немесе еденге түкірген қақырығы бірте-бірте кебеді де, ақырында шаңға араласады, шаң ауаға көтеріледі, дем алған кезде сау адамның өкпесіне енеді. Одан басқа аурудың ыдыс-аяғы, киім-кешегінен, кір қолынан және сүйіскен кезде жұғады. Сол сияқты туберкулезбен ауыратын үй жануарлары: сиыр, түйе туберкулез ауруларын таратады. Туберкулезбен ауыратын малдың сүтін шикілей ішкенде немесе тауықтың жұмыртқасын пісірмей жегенде жұғады. 

   Көп жағдайда сырқат белгісі науқас адамға білінбей басталады да, флюорографиялық байқаудан өткенде табылады. Ол кезде қақырықты «Кох таяқшасына» бактериологиялық тексеруден өткізіп және туберкулез ауруы бар екенін нақты анықтайтын Джейнэксперт аппараттан өткізеді, ол аппарат емделу ұзақтығында анықтайды, яғни рифампицин дәрісіне сезімтал болса 6-8 айдай, төзімді болатын болса 9 айдан 20 айға дейін емделу керек. 

  Осындай белгілер білінсе міндетті түрде учаскелік дәрігерге көрінгеніңіз дұрыс:
•    2 аптадан аса жөтеліп жүру;
•    түнде немесе ұйқыдан оянған кезде терлеу;
•    әлсіздік, тез шаршау;
•    асқа зауқы соқпау, жүдеу;
•    дене қызуының 37 градустан жоғары көтерілуі;
•    түстен кейінгі мезгілде бейжай болуы.

  Қазіргі жағдайда туберкулезбен ауырған жанды емдеп жазуға болады.
  Туберкулез жас талғамайды. Әр жастағы адам ауырады және адам ағзасының әр түрлі органдарын зақымдайды (ми, сүйек, буын, бүйрек т.б). Ұлтына, нәсіліне, дәрежесіне қарамайды. Туберкулез – аса қауіпті дерт. Тұқым қуаламайды, бірақ жұқпалы ауру. Анықталған аурулар дер кезінде емделсе туберкулез дертінен айығып, қалыпты жағдайда өмір сүруге мүмкіндігі бар. Сондықтан әрбір тұрғын жылына бір рет флюротексерістен өтіп тұруы қажет. Өз денсаулығың өз қолыңда!

  Туберкулезбен ауырып қалуы мүмкін: 
    санитарлық-ағарту мәдениеті төмен адамдар;
    дұрыс тамақтанбайтындар;
    өз денсаулығына мән бермейтіндер; 
    маскүнемдер;
    нашақорлар;
    жүйкесі тозғандар;
    үй-жайы жоқ кезбелер;
    гормон дәрілерін көп қабылдайтындар; 
    қант диабеті, өкпе-тыныс жолдары сырқатының созылмалы түрімен ауыратындар;
    туберкулез науқасымен қарым-қатынас жасайтын адамдар (жанұя мүшелері, көршілер, әріптестері);
    жүкті әйелдер;
    кәрі кісілер туберкулезге бейім келеді.

  Туберкулез науқасымен қарым-қатынаста болғандарда ағзасында туберкулез инфекциясы бар ма, жоқ па анықтау мақсатында Диаскинтест сынамасы балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге қойылып, толымды болуы анықтала қалған жағдайда туберкулез ауруына жеткізбеу мақсатында 3 айдан 6 ай аралығына профилактикалық ем тағайындалады. 

  Ал өзіңді туберкулезден сақтау мақсатында:
1)    адам ағзасының қорғаныс жүйесін күшейту үшін туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасын егу, бұл вакцина дәрігердің шешімімен бірінші рет перзентханада егіледі;
2)    салауатты өмір салтын ұстану;
3)    тазалық сақтау;
4)    дене шынықтыру, жаттығулар жасау, таза ауада серуендер;
5)    дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден бас тарту керек.

 

Салихова Дина Вахитовна  
Исатай аудандық ауруханасының фтизиатр дәрігері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT