"Бөлініп қалған саусақты бүтіндеуді үйрендік"

Жеңісбек Әбежанов - бүгінде Исатай аудандық орталық ауруханада табысты еңбек етіп келе жатқан білікті дәрігер.

Ол – хирург және қайта даярлаудан өткен лор маманы. Атасы Зейнолла Әбежанов өткен ғасырда Новобогат топырағанда фельдшер болып қызмет еткен КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі болса, әжесі Күланда Мұхитова аудандық туберкулез диспансерінде ұзақ жыл медбике болған. Әкесі Әбежанов Қадырбек пен анасы Есенғалиева Меңсұлу да аудан медицинасына бір кісідей еңбек сіңірген жандар. Қазір енді ата кәсіпке айналған дәрігерлік қызметті Жеңісбек те абыроймен атқарып, 2012 жылы оқу бітіріп ауданға келгеннен бері хирургия саласында табысты еңбек етіп жүр. Жұбайы Мариям Нығметжанова да жоғары білімді дәрігер. Бірыңғай дәрігерлер шыққан әулеттің қызы Тілекші Әбежанова облыста тіс дәрігері болса, ұлы Рашид Әбежанов та Ақтау қаласында медицина саласында қызметте. Отбасылық династияны жалғастыру үшін Ақтөбе қаласында медициналық университетте оқып жатқан кейінгі жас ұрпақ та бар.

- Арманым - транспанталогия саласында еңбек ету, - деп бастады бізбен әңгімесін Жеңісбек. - Араға 2-3 жыл салып кезекті еңбек дамылысым кезінде Нұр-Сұлтан қаласына барып, ондағы транспонтология институтында тағылымдамадан өтемін. Осыдан 5-6 жыл бұрын елордаға кезекті бір сапарымда туралып қалған саусақтарды жалғау отасын меңгеріп, сосын елге оралған соң темір кесетін аппараттарда туралып қалған саусақтарды бұрынғыдай ем қонбайды деп лақтыра салмай, медициналық жолмен қайта жалғау отасын жүргізіп, содан бері оншақты адамға көмек еттік.

- Жалпы, сіз, жоғары білімді дәрігер болғаныңызбен, кейде өз тәжірибеңіз жетпей жататын кездерде үйдегі үлкен кісілерден кеңес сұрайтын кездер бола ма?

- Әрине. Біз де адамбыз, пендеміз. Жүз пайыз ғылымды меңгерген адам жоқ қой. Сондықтан әлі күнге дейін қызмет бабында талас тудыратын фактілер бойынша немесе науқастарға диагноз қою, тіпті болмаса шұғыл көмек көрсету жағдайлары кезінде тәжірибем жетпейтін кейбір сәттер бойынша үйдегі үлкен кісілерден кеңес сұрайтын кездер болып тұрады.

- Қазір дәрігерлер туралы кино көп. Қызық үшін сондай киноларды қарайсыз ба?

- Иә, тәжірибе алмасу үшін қарап тұрамын. Арнайы көмекші құралдар мен әдебиеттерді де ақтарамыз. Жалпы, адам баласы қанша жыл өмір сүрсе, сонша жыл өз-өзін дамытуды тоқтатпағаны дұрыс деп ойлаймын.

- Сіздің қатарыңызда дәрігер болған құрдастарыңыз көп пе?

- 2001 жылы Аққыстау орта мектебін бітірген оқушылардың ішінен дәрігер болған тек өзім ғана. Ондай бақыттың өзі де маған бірден берілген жоқ. Әуелі А.Сүндетов атындағы Атырау медициналық колледжінде 3 жыл оқыдым. Ол оқу орнын тамамдаған соң Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетіне түсіп, оқыдым. Менен кейін бір жылдан соң мектеп бітіргендер арасында ғана Азамат Ерболов пен Ганиверлан Қарабалин дейтін жігіттер дәрігер мамандығын алды. Қазір олар облыс орталығында табысты еңбек етіп жүр.

Жеңісбектің жұбайы Мариям да осы өңірдің қызы. Қамысқала топырағында өсіп-өніп, Ақтөбеде дәрігерлік оқуды тамамдап, қазір аудандық орталық ауруханада жалпы тәжірибе дәрігері болып еңбек етіп жүр. Екеуі колледжде де, университет қабырғасында да бірге оқыған. Бір мамандық, бір қызметте еңбек еткен олар өмір жолдарын да бірге таңдауды жөн көріпті. Кәсібіне мығым, махаббатқа адал, бақытты отбасының екі ұлы мен бір қызы бар. Өзінің айтуынша, үлкен ұлы болашақта дәрігер болуды армандайтын көрінеді. Демек, дәрігерлер династиясы бұдан әрі де жалғасуы мүмкін. Лайым солай болғай!

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521