Ботулизм ауруынан сақтаныңыз!

Ботулизм ауруы – ботулизм таяқшаларымен зақымдалған тағамдардың әсерінен туындайтын дерт.

 

Бұл ауру жер шарының кез келген аймағында кездеседі, алайда, көбіне консервіленген өнімдерді көп қолданатын халықтар арасында көптеп кездеседі.

Ботулотоксиннің ауру қоздырғышы топырақта ұзақ сақталады. Ол жазғы маусымда көбейіп, өсіп, суыққа оңайлықпен өлмейді, топырақта он жылдай сақталады. Барлық ауылшаруашылық өнімдері топырақпен, мал қиларымен ластанып, ботулизм қоздырғышымен зақымданып, сол арқылы адамның тамақтан улануы әбден мүмкін. Адам ботулизм қоздырғышымен уланған тағам түрін пайдаланғанда ғана ауырады. Ботулизм қоздырғышы консервіленген өнімдерде, әсіресе, үй жағдайында қолдан жапқан банкілер термиялық өңдеуден толық өтпеген жағдайда тез көбейеді.

Ауру адамнан адамға жұқпайды. Ботулизм қозырғышы өте улы, егер адам ботулизм уымен зақымданған тамақты жұтпай, тек аузына алса да улануы мүмкін. У адамның асқазаны мен ішегі арқылы тез қанға түсіп, сосын миды улайды. Аурудың жасырын кезеңі 2-3 сағаттан 1-2 күнге дейін созылады. Ботулотоксинмен уланғанда адамның көзі қитарланып, бұлдырайды, қабағы түсіп, көзі көрмей қалуы мүмкін. Бұл көз нервісі жүйесінің зақымдануына байланысты болады. Онан соң жұтынуы қиындап, мойны, дене бұлшық еттері әлсіреп, іші қатады, ауыр демалады, мұның соңы өлімге әкеліп соғуы мүмкін.

Сондықтанда тамақтан улану - «ботулизмнің» алдын алу үшін базарлардан, сауда дүкендерінен сапасы белгісіз, сапасын куәландыратын құжатсыз сатылып жатқан үй жағдайында консервіленген тамақ өнімдерін сатып аларда үлкен көңіл бөлінуі керек. Үйде қолдан консервілеу, қақтау, сүрлеу жұмыстарын жүргізу кезінде шикі заттың тасымалдануы, сақталынуы, санитарлық-гигиеналық, термиялық өңдеу ережесінің сақталуы қатаң қадағалануы тиіс. Көкөністерді тұмшалау алдында банкілерді, қажетті заттарды 10-15 минуттай қайнату қажет. Көкөністер мен жемістерді мұқият жабыңыз, ас үйді таза ұстаңыз, жеке бас гигиенасын қатаң сақтаңыз. Құрметті тұрғындар, үй жағдайында консервіленіп дайындалған тағамдар сіздің денсаулығыңызға зиян келтіретіні туралы естен шығармағаныңыз жөн! Өз денсаулықтарыңыз өз қолдарыңызда екендігін ұмытпаңыздар.

Бақытгүл ҚАРТМАҒАНБЕТОВА,

аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521