Бруцеллез (сарып) - жануардан адамға жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Бруцеллезбен барлық ауыл шаруашылық және үй жануарлары ауырады. Аса қауіпті, аурудың ауыр түрлеріне әкелетін қой мен ешкі бруцелла қоздырғышы болып табылады. Адамға жұғу жолы ауру малдарға қарау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан, тамаққа зарарсыздандырылмаған сүт, сүт өнімдерін, етті қолданудан болады. Сол себепті сауда орындарынан азық-түліктерді алу кезінде өте сақ болыңыз.
Атырау облысы СЭБ департаментінің ресми хатына сүйенсек, Атырау облысы бойынша 2025 жылы тұрғындар арасында 17 бруцеллез ауруы тіркелді және 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш 2,4 құрады, 2024 жылғы тұрғындардың бруцеллезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 1,0 (7 жағдай), яғни тұрғындардың 2025 жылы бруцеллезбен сырқаттанушылығы 2024 жылмен салыстырғанда 10 жағдайға көбейген. Сондай-ақ, облыс көлемінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 3 (17,6%) жағдай және жасөспірімдер арасында 2 (11,8%) жағдай тіркелді.
Облыс көлемінде бруцеллезбен алғаш анықталған 17 науқастың 94,1% (16 науқас) бруцеллез қоздырғышына (гемокультура) тексерілді. Бактериологиялық әдіспен тексерілген 16 науқастың бірде-біреуінен бруцеллез қоздырғышы бөлінбеген. Бұл емдеу мекемелері тарапынан науқастарға бруцеллез диагноздары қойылып, ем жүргізілгеннен кейін гемокультураға қан сарысуы кеш алынып, ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасына уақытылы жолданбай отырғанын көрсетеді - дейді мамандар.
Облыс аумағында 2026 жылдың осы кезеңінде жедел бруцеллезбен 3 жағдай (Құрманғазы, Жылыой, Қызылқоға аудандары) тіркелген. Ал, біздің аудан аумағында тұрғындар арасында бруцеллездің эпидемиялық жағдайы тіркелмегенмен, ауылшаруашылық малдары арасында бруцеллездің эпидемиялық жағдайы тұрақты емес. 2024 жылы ауылшаруашылық малдар арасында бруцеллезге оң нәтижемен анықталу 140 бас жағдайлары тіркелсе, 2025 жылы ауылшаруашылық малдар арасында бруцеллезге оң нәтижемен анықталу 67 жағдайлары тіркелді. Ол, Зинеден, Исатай ауылдық округтерінде тіркелген және де бір ошақтан бірнеше бас мүйізді ірі қара малдар бруцеллезге бейім болып анықталды. Ауылшаруашылық малдармен қарым қатынаста болған адамдар саны анықталып тиісті зерттеулерден өткізілді, ауруға күмәнді ауру белгілері анықталмады. Қарапайым тұрғын мал өнімдерін (ет, сүт, қаймақ) пайдалану арқылы бруцеллез ауруын жұқтыру қаупі өте жоғары. Сондықтан да, мал төлдеу науқанының басталуы кезінде тұрғындар арасында бруцеллезді жұқтыру қауіптілігі жоғары екенін Исатай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы ескерте отырып: адамдардың бруцеллезбен ауруының негізгі алдын алу шарттарын түсіндіреді.
Мал сою кезде, мал өнімдерінің шикізатымен айналысқан жұмысшылары арнайы киімдер (халат, резинадан жасалған алжапқыш, резина етік, қолғап) киіп жұмыс істеуі қажет. Арнайы киімді үйге кіргізуге болмайды, ластанғанда бөлек жуу керек.
- Жұмыстан соң қолды ыстық сумен сабындап жуу керек.
- Мал тұрағында, ет, сүт павильондарында темекі тартуға, тамақ ішуге болмайды.
- Тексерілмеген мал сүтін, шикі сүт ішуге, кез келген жерден сүт тағамдарын сатып алуға болмайды.
- Белгісіз малдың етін ветеринарлық құжатсыз сатып алуға болмайды, тағам пісіргенде шикі еттің дәмін көруге болмайды;
- Балаларға ауру малды жайлауға, жүкті, бала емізіп жүрген аналарға мал союға қатысуға болмайды;
- Ауру мал тұрған жерді міндетті түрде дезинфекциялау керек.
- Ауру малдарды 3 күн ішінде сойып тапсыру, үй жағдайында союға тыйым салынады;
- Ет шикізаты кәсіпорындары жұмысшылары, ет шабушылар жылына бір рет бруцеллезге тексеріліп отыруы қажет;
- Ауру малдар анықталған жанұя, әсіресе балалар міндетті түрде емдік-профилактикалық мекемелерде медициналық тексеруден өтіп, бруцеллезге тексерілу қажет;
- Ауылшаруашылық малдарын бруцеллезге тексерту;
- Ауру малдар анықталған кезде ветеринарлық мамандарға хабар беру.
Бруцеллез ауруын жұқтыруға себеп болатын мән-жайлар:
- адам мал сойғанда қан арқылы, (кесіп алған немесе зақымдалған тері арқылы), өлі төлден, түсік тастаудағы материалдар, төл жанындағы су, зақымдалған жүн арқылы;
- ауру малдың сүтін, сүт тағамдарын ішкенде немесе жегенде;
- ауру малдың ластанған нәжіс, тағы басқа бөлінділерімен шаң-тозаң арқылы;
- ауру малдың етінен қанды кәуәп жегенде, тартылған еттен;
- ауру малдың жүнін сыпырғанда, өңдегенде, қырққанда, түбітін түткенде, тоқығанда; науқас анасы арқылы балаға жатыр арқылы немесе сүтін емгенде жұғады.
Ауруды жұқтырған сәттен бастап, алғашқы белгілері 1-4 апта кейде 2-3 айға созылуы мүмкін. Адамдарда бруцеллез ауруы жедел түрде басталып дене қызуының жоғарылауымен бас ауруы, әлсіздік, бұлшық еттердің, аяқ буындарының, бел тұсының ауырсынуы, түнде тершеңдік, ұйқысыздық, тәбетінің нашарлауына әкеп соғады. Бұл жағдайда, науқас дәрігерге неғұрлым ерте қаралса, адамға ем қабылдау соғұрлым нәтижелі болады. Жеке бас және жанұя мүшелерін бруцеллез ауруынан сақтап қалу үшін негізгі алдын алу шараларын білу қажет.
Улданова Айба Шалқарқызы,
Исатай аудандық СЭБ басқармасының жетекші маманы



