Бруцеллез – адамдарға жануарлардан берілетін зоонозды ауру.
Жалпы, бруцеллез жұқпасы жануарлардың көптеген түрлерінен табылған.
Бруцеллез қоздырғыштары сыртқы ортаға аса төзімді келеді. Мәселен, бруцеллалар, әдеттегі температурада, шикі сүтте 10 күннен 18 күнге дейін, мұздатылған етте 47 күннен аса, жүнде 4 айға дейін, ағынды суда 12 күнге дейін, топырақта және қида 4 айға дейін сақталады. Алайда, залалсыздандыру заттарының және жоғары температураның әсерлерінен бруцеллез қоздырғыштары тез өледі.
Негізінен, адамдар бруцеллезді ауру малдарға күтім жасағанда, түсікпен жанасқанда, сою кезінде, аурудың микробы жұққан азық-түлікті (сүт, сүт өнімдері, әсіресе, ешкі сүті мен сүзбе ірімшік, қаймақ, т.б.) шикі күйінде немесе жеткілікті дәрежеде қайнатып, өңдемегенде жұқтырады.
Аурудың жасырын кезеңінің ұзақтығы шамамен 1-3 аптаға, ал кейбір жағдайларда бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Бруцеллездің анағұрлым ауыр түрлері қой-ешкі бруцеллаларын жұқтырғанда байқалады.
Бруцеллездің алғашқы белгілері дене қызуының көтерілуі, тершеңдік, қалтырау болып табылады. Көп ұзамай бұл белгілер күшейіп, бүкіл денеде дел-сал болуы, әлсіздік, жұмысқа қабілеттің төмендеуі, буындардың ауыруы мен ісінуі, бұлшық еттер мен сүйектердің қақсап ауруы байқалады.
Бруцеллез - емделетін ауру. Дер кезіндегі диагностика мен емдеу жедел бруцеллездің созылмалы сатыға өтуінің алдын алады. Әрбір адам бруцеллездің алғашқы белгілері байқалысымен дереу дәрігерге көрінуі керек.
Ауылшаруашылық малдары арасында бруцеллезді жою малдәрігерлік шараларды ұйымдастырумен, ауру малдарды дер кезінде тексеріп, анықтаумен байланысты. Табылған ауру малды тез арада жою, ауланы арнайы дезинфекциядан өткізу - мал арасында одан әрі таралмауының жолы.
Әрбір жеке мал қожайындары, шаруа қожалықтары иелері міндетті түрде малдарын бруцеллезге тексертуді, мал дәрігерінің рұқсатынсыз етті, сүтті сатпауы керек. Базардан, жеке адамдардан мал сатып алғанда малдәрігерінің рұқсат қағазын талап етуді мұқият ескерген жөн.
Көптеген жағдайда мал төлдету науқаны кезінде адамдардың бруцеллезді жұқтыру қауіптілігі жоғары болып келетіндіктен, малдарға күтім жасағанда, төлдеу кезінде көмек көрсеткенде, түсікпен жанасқанда барлық сақтық шараларын сақтаған жөн. Малдарды күтудің барлық жұмыстарын арнайы киім киіп жүргізу қажет. Бұл киімдермен тұрғын үйге кіруге болмайды. Жұмысты аяқтағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу шарт. Осындай жұмысқа балаларды араластыру да қауіпті екенін ескеру керек.
Сондай-ақ, мал қожайыны ветеринарлық зертханалық зерттеу қорытындысымен бруцеллез белгісі бар мал анықталғанда оны тез арада бөлектеу, оны уақытша күтуде барлық сақтық шарарларын орындау, шұғыл түрде арнайы орындарға тапсыру арқылы жоюды ұйымдастыру керек. Малдағы іш тастаудың, төлдің өлі туылуының әрбір жағдайын мал дәрігерлеріне хабардар етуге міндетті.
Өзихан ШАКЕСОВА,
Исатай аудандық ТКҚСҚБ басқармасы әдіскері