Cанитарлық талаптарды бұзудан «үздік» үш аймақ анықталды

Ауру шақырғанымыз емес, дегенмен, біледі дегендердің бәрі коронавирустың келесі толқыны келеді деп дабыл қағып жатыр.

«Жаман айтпай жақсы жоқ» деген, бұрынғы індеттердей, айтпай келсе бір сәрі, «алдын ала ескертіп келетін» кеселге дайын болмасақ, онда қиын...

Сонда не істеуіміз керек? Бұндай сауалға әлгі мықтылар сөйлемесе, жергілікті мамандар не десін? Карантиндік талаптарды сақтау, қол жуып, бетперде тағу, жиын-тойларды шектеу деген сықылды ережелерді бұлжытпай орындау керектігін жаттап алған бәрі. Бірақ, бейжайлық, немқұрайлылық басым. Әсіресе, той көп. «Тойламаңдар» дей беру де біртүрлі екен. Бірақ, амал нешік, індет іргеде тұрғанда сақтанудың ең төте жолы сол болса, олай демеске лаж бар ма? Coronavirus2020 Telegram-каналында 2020 жылғы 5 шілдеден бастап санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін салынған әкімшілік айыппұлдардың статискасы жарияланыпты. Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, талапты көп бұзған аймақтардың ішінде 3837 хаттамамен Алматы қаласы, 2974 хаттамамен Түркістан облысы, 1323 заңбұзушылықпен Қостанай облысы алғашқы үштікке көтерілген.

Сондай-ақ көрсетілген уақыт аралығында ҚР ӘҚБК 425-бабының 1-тармағына сәйкес 894,8 миллион теңге болатын 15817 хаттама толтырылғаны хабарланды. Оның ішінде жеке тұлғаларға салынған айыппұл 307,4 миллион теңге болған. Алғашқылардың сапында болмағанмен, Атырауымызда да жиын көбейіп тұр.

Ертең өкініп қалмас үшін бүгін сақтанайық, ағайын.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521