Дәрігерлер жауаптылығы сынға алынды

Өткен аптада аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежанның төрағалығымен қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы, оның алдын алу шаралары туралы жиын өткізілді.

Мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, телім дәрігерлері қатысқан жиынның күн тәртібінде жоғарыда аталған аурудың алдын алу бойынша аудан көлемінде жүргізілген шараларымен танысу, әрмен қарай қадағалау болды. Алдымен аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Софья Ғабитованың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, өткен жылдан бастап елімізде, оның ішінде біздің облыста да қызылша ауруымен сырқаттану бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасқан. Аудан бойынша вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың эпидемиологиялық жағдайы бірқалыпты. 2015 жылы облыс бо-йынша қызылша ауруының көтерілуі кезінде Томан елді мекенінде 2 жағдай тіркелсе, 2018 жылы да қызылшаның 1 ықтимал жағдайы Томанға тиесілі. Соңғы жылдардағы халықтың декреттелген тобын, оның ішінде балаларды Ұлттық егу күнтізбесі бойынша жасына сәйкес уақытымен алдын алу екпесімен қамтудың толық орындалмауы, балалар қозғалысының көбеюі, арнайы есептің дұрыс жүргізілмеуі, оның үстіне ата-аналардың сәбилеріне екпе егуден бас тарту фактілері көбейген.

Бұл жұқпалы аурулардан сәбилерді қорғаудың басты жолы - жоспарлы екпемен қамту. Мақсатты топ контингентін жоспарлы екпемен қамту көрсеткіші 12 ай қорытындысымен 95-100 пайыз болуы керек. Осы жыл қорытындысымен аудан бойынша 1 жасқа дейінгі балаларды жоспарлы екпемен қамту көрсеткіші талап деңгейінде болған. Бірақ, 2 жасқа дейінгілерді, 6 жастағыларды жоспарлы екпемен қамту қанағаттанғысыз. Оған себеп - қызылшаға қарсы жоспарлы екпемен қамту аудан бойынша төмен (94,0%,90,0%), облыста соңғы орында. Осы есеп бойынша негізінен екпей отырғандар Аққыстау, Тұщықұдық емханалары екен. Учаскелік дәрігерлердің қатысуымен иммунопрофилактика сұрақтары бойынша бірнеше семинар-кеңестер өткізіліп, мәжілістік жиындарда тапсырмалар берілген. Алайда, оны тиісінше орындап, қадағалап жатқан дәрігер жоқтың қасы. Өйткені, іс жүзінде ешбір емдеу мекемесі нақты себебін анықтауға шын мәнінде егілмеген балаларын анықтап, оны келтіруге жұмыстанбаған. Нәтижесінде, Аққыстауда 2 жасқа дейінгіден 25 бала, 6 жастан 35 бала болса, Тұщықұдық емханасы бойынша 6 жастан 14 бала екпе алмаған. Облыстық штаб тапсырмасымен емдеу мекемелеріне екпе құжаттарына ревизия жасап қараған кезде көптеген кемшіліктер анықталған.

-  Балалардың есебі дұрыс емес, ай сайын 063 нысанды анықтама мен екпе алу контингенті (мақсатты топ) дұрыс шығарылмайды. Осы жағдай Аққыстау, Тұщықұдық, Жанбай, Нарын, Х.Ерғалиев ауылдарында табылды. Тұщықұдықта есептегі балалар санына 063 нысанға сәйкес келмейді. Екпе құжаты бойынша 2012 жылдың ақпан, наурыз, сәуір айларында туған балалар 6 жастағы қызылшаға қарсы екпесін 2018 жылдың желтоқсан айында кеш алса, 4 бала мүлде алмаған. Аққыстауда жалпы бір есептілік жоқ. Әрбір жалпы дәрігерлік телімді қарағанда 12 телімнен, 2 телімнен бірнеше екпе алмаған балалар анықталды. Аққыстау бойынша екпеден бас тарту көп. 2017 жылы туған 11 бала туғаннан бастап екпе алмай отырғандар. Олармен осы эпидемиологиялық асқыну кезінде де қайталап түсіндіру жүргізілмеген, - деген басқарма басшысы Софья Ғабитова телім дәрігерлерінің жауаптылығын сынға алды.

-  Бұл - күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бұған кім-кімде салғырт қарамауымыз керек. Мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, мейірбикелер екпе алмағандар мен алғандарды нақтылап, телім дәрігерлері есебін қадағалап, ата-аналармен байланыс орнатып, қызылша ауруы туралы түсіндіруі тиіс, - деген аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан тиісті мамандарға бірқатар тапсырмалар беріп, жиынды қорытындылады.

Әйгерім ҚҰБАЕВА,

Суреттерді түсірген: Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521