Денсаулық күні аталды

Жыл сайын бүкіл әлемде аталып өтетін барша халықты салауатты өмір салты мен денсаулықты жақсартуға шақыратын Денсаулық күнінің өз тарихы бар. Бұл 1948 жылдан бастау алған. Жер бетіндегі барша ұлт пен ұлысқа ортақ саналатын дата біздің елімізде де тәуелсіздік алғалы бері аталып келеді.

Өткен сенбіде аталған шараға қатысуға қызығушылық білдірген аққыстаулықтар орталық стадионға бет алды. Олардың арасында аудандық бөлім басшылары, әр саланың мамандары, мектеп оқушылары да бар. Рас, жиылғандар жылдағыдан аса көп болған жоқ. Бірақ, шара қызықты өтті.

Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бұрхан Оралбековтің жетекшілігімен сап түзеген көпшілік спорттық гимнастика жасады. Одан соң жиылғандар жалпылама жүгіріске қатысты.

Шарада сөз алған облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының аудандық филиалы директоры Жұмабек Қабделов жиылғандарға жылы лебізін білдіріп, тұрғындарды спортпен тұрақты шұғылдануға шақырды. Ал, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақтолқын Ахметжанова ауыл тұрғындары мен спортты жаны қалайтын жастарды Дүниежүзілік денсаулық күнімен құттықтады.

– Ауданымызда спортқа өте жақсы көңіл бөлінуде және оның бұқаралылығын арттыру мақсатында бүгінгідей көпшілік шаралардың маңызы зор деп есептеймін, - дейді ол.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ,

суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521