Дерматомикоз (теміреткі) – шашты, теріні, тырнақты, аяқты, шаштың маңайындағы теріні және бетті зақымдайтын микозды жұқпалы ауру. Бұл аурудың өте жылдам жұғуына және таралуына байланысты, адамдар мен жануарлардың дерматомикоздарынан туындайды. Дерматомикоздармен көбінесе балалар ауырады, аурушаңдық жылдың күз-қыс мезгілдерінде көтеріледі.
Ауданымызда дерматомикоз ауруының тіркелуі мүлдем жоқ деп айту қиын. Өйткені жыл сайын балалар арасында 1-2 жағдайдан тіркеліп отырады. Осы жылдың 7 айында нақтыланған дерматомикоз ауруының 1 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді. Ошаққа эпидемиологиялық анамнез жүргізген кезде ол бала ешқайда бармайды, ұйымдаспаған топтағы бала. Ауру науқастың шаштың маңайында орналасқан, ауру көзі –мысық деп нақтыланды.
Аурудың көзі – науқастар мен үй жануарлары (ірі қара малдар, мысықтар, иттер). Теміреткі қатынас арқылы-оның қоздырғышын жұқтырған науқастардың тері қабыршақтары, шаштары, жануарлардың жүндері арқылы жұғады, қоздырғыштың берілу факторлары болып науқастың бас киімдері, төсек жамылғылары, тарақтары, қайшылары және қолданыстағы тағы да басқа заттары болып табылады. Теміреткінің қоздырғыштары қоршаған ортаға өте төзімді келеді, зақымдалған теріде 6 айға дейін, шашта 4 жылға дейін сақталады, киімдерде, төсек жамылғыларында, кілемдерде және басқа да заттарда бірнеше жылдар бойы сақталады да, сау адамның терісіне түскенде ауру тудырады.
Теміреткінің қоздырғыштары киімдерді қайнатқанда 30 минуттан кейін жойылып кетеді. Аурудың жасырын кезеңі 1 аптадан 1 айға дейін. Аурудың клиникалық белгілері – шаштың арасында 1-2 домалақ немесе сопақша келген үлкен, қызғылт түсті қабыршақты жараның пайда болуымен сипатталады. Шаштың барлығы бір деңгейде қырқылған тәрізді көрінеді, жылдам жұлынады. Бетте, денеде, аяқ-қолда домалақ, шеттері айқын көрінетін, қабынған, қабыршақты жара пайда болады.
Теміреткіні жұқтырудың алдын алу:
• Профилактикалық іс-шаралар жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау болып табылады. Әсіресе, балабақшада немесе мектепте өзгенің сүлгісін, тарағын және т.б заттарын пайдаланбау, басқа адамдардың аяқ киімін кимеу.
• Балаларды бақылау өте маңызды: көшедегі қаңғыбас ит, мысықтармен ойнауына жол бермеу.
• Үйге келген соң міндетті түрде қолды сабындап жуу;
• Іш киімдерді, төсек жаймаларын, сүлгілерді жиі-жиі ыстық сумен жуып, үтіктеу;
• Үй жануарларын ұстағаннан кейін қолды мүхият сабындап жуу;
• Балаларыңыздың шаштараз, спорт зал, фитнес клубтарына барғаннан соң міндетті түрде жуыну.
Жалпы тері ауруларына сәл күдіктенген жағдайда дәрігерге қаралу қажет! Дұрыс емді тек қана дәрігер таңдай алады!
Г.Б.Бисенбай
Исатай аудандық СЭББ басшысының м.у.а