Делегацияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілінің орынбасары доктор Омар Салех басқарды, деп хабарлайды Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жұмыс сапары аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының елдегі кеңсесінің сарапшылар тобы өңірдегі медицина қызметкерлеріне коронавирус инфекциясының алдын алу және емдеу мәселелері бойынша бірқатар семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізді.
Оған жалпы тәжірибе дәрігерлері, терапевтер, педиатрлар, акушер – гинекологтар, реаниматологтар, инфекционистер, фельдшерлер, эпидемиологтар, вирусологтар, фармацевтер, барлығы
400-ден астам тыңдаушы қатысты.
Семинарда мамандар коронавирустық инфекцияның, оның ішінде жүкті әйелдер мен балалар арасында алдын алу және вакцинациялау мәселелеріне тоқталып, вакциналардың түрлері, олардың әсері мен қорғаныш қасиеттері туралы кеңінен ақпарат берді.
Сонымен бірге, мамандар коронавирустық инфекцияның ауыр жағдайларын емдеудің шетелдік тәжірибесі туралы ақпаратпен бөлісті.
Лаборанттар мен емхана қызметкерлеріне вакциналарды жеткізудегі суық тізбектің негізгі аспектілері туралы айтылды. Зертханалық зерттеулердің сапасын арттыру бойынша практикалық ұсыныстар да талқыға салынды. Медицина қызметкерлері үшін COVID-19-ға қарсы егу бойынша кеңес беру және коммуникативті дағдылар бойынша тренинг өткізілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі сарапшыларының сапары аясында қалалық емхана базасында және ауылдық жерлерде – Махамбет орталық аудандық ауруханасында тұрғындармен көшпелі кездесулер ұйымдастырылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің аға медициналық кеңесшісі доктор Омар Салехтің айтуынша, пандемия жағдайында халықты вакцинациялау бүкіл әлемде ең өзекті мәселе болып отыр.
Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарға денсаулық сақтау саласының қызметкерлері жауапты.
– Заманауи медицина маманы практикалық білім алып қана қоймай, екпе туралы толық теориялық білімге ие болуы керек. Халықтың отандық медицинаға деген сенімі бірінші орында тұруы қажет. Біз әлемдегі эпидемиологиялық жағдай толық тұрақтанғанға дейін тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», - деді Омар Салех.