Эхинококкоз ең қауiптi паразитарлық аурулардың бiрi болып табылады. Оны эхинококк құрты тудырады. Эхинококк- адам организмі үшін өте қауіпті гельминт.
Аурудың негiзгi көзi - иттер, сирек жағдайда төбет тұқымдастар болып табылады (қасқырлар, шибөрiлер, сiлеусiндер, мысықтар). Олар эхинококкозбен зақымданған үй және жабайы жануарлардың мүшелерін жеу кезінде ауруды жұқтырады. Бұл құрттар ит пен қасқырдың ащы ішегінде өсіп-өнеді де, солардың дәреті арқылы суды, шөпті, жерді ластайды. Аң терісін, ит пен мысықты ұстағанда эхинококктың құрты қолға жабысады. Қолды жумай тамақ ішкенде, ластанған өзендердің суын қайнатпай ішкенде құрт адамның асқазанына барып түседі. Асқазанға түскен құрттың ұрығы сыртқы қабығынан ажырап, ішек қатпарларына енеді. Содан соң қан тамырларына түсіп, бауыр, өкпе, ми және басқа ағзаларға ұялайды. Бірте-бірте ұялаған жерінде эхинококк құрты өнеді, өседі. Олар бір ұялы, көп ұялы болып бөлінеді. Эхинококк бірте-бірте өсіп, аурудың белгісі біліне бастайды, құрт орналасқан органдардың қызметі бұзылады.
Эхинококкоздың клиникасы эхинококкты сары сулы iсiктiң орналасқан жерiне (бауыр, өкпе, көкбауыр және т.б) және аурудың ағымына байланысты. Бауыр эхинококкозында науқастардың жұмысқа қабiлетi төмендейдi, жалпы әлсiздiк, бас ауыруы, бауырдың үлкеюi, оң жақ қабырғаның асты сыздап ауырып және онда ауырлық байқалады. Өкпе эхинококкозында тоқтаусыз жөтел, қан түкiру, кеуденiң ауырғаны байқалады, өкпеде сырыл пайда болады. Мидың, бүйректiң, көкбауырдың, кiшi жамбастағы және басқа да ағзалардағы эхинококкоздың клиникасы осы ағзалардың көлемді зақымдануы кезiнде байқалатын ауру белгiлерiне ұқсас келедi. Көп жағдайларды эхинококкок ісіктері профилактикалық медициналық тексерістер кезінде немесе басқа шағымдармен қаралған кездерде анықталып жатады. Ауру жұққан кезден бастап, оның алғашқы белгiлерi бiлiнгенге дейiн кем дегенде жарты жыл, ал кейде 3 жылдан 10 жылға дейiн уақыт өтуi мүмкiн.
Эхинококкоздың алдын алу шаралары
- эхинококкоздың алдын алу үшін итке, үй жануарларына күтім
жасағанда және бағу кезінде жеке гигиена ережелерін қатаң ұстану қажет;
- итке, үй жануарларына күтім жасағанда, қойдың жүнін ұстағаннан кейін, теріні
өңдегеннен кейін қолды жуу қажет;
- үйіңіздегі иттерді жыл сайын гельминттерге тексертіп, алдын алу мақсатында
- дегельминтизация (жылына 4 реттен кем емес) жүргізу қажет;
- иттерді эхинококкоз ауруынан сақтау үшін, оларды үй және жабайы жануарлардың шикі мүшелерімен тамақтандырмау қажет.
Эхинококкозды емдеу тек қана стационарда жүргізіледі және ешқандай халықтық емдеу тәсілдері көмектеспейді, емдеуді ерте бастаса нәтижесі де жақсы болады, аурудың белгілері де жойылады.
Аймұратова Алтынгүл Бөкенбайқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары