ЕКПЕ АЛУДАН ҚОРЫҚПАЙЫҚ

фото: https://inbusiness.kz/

Қазіргі уақытта елімізде, облысымызда қауіпті болып отырған қызылша ауруы бойынша сырқаттанушылықтың эпидемиологиялық жағдайы күрделі. Сондықтан халық арасында аурудың таралуын тоқтату үшін аурудың алдын алдын алу жөніндегі түсінік жұмыстарын бір сәт те бәсеңсітпеу қажет.

 Алдымен айтарымыз, қызылшаның асқынуы өлім жағдайларына алып келуі мүмкін екендігі. Ендеше оның алдын алу сіздің денсаулығыңыз үшін өте маңызды. Қызылшаның арнайы емі жоқтығы да белгілі. Бұл қауіпті инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы - вакцина алу.

Ауданымызда қызылшаның алдын алуда қосымша жаппай иммундау (ҚЖИ) науқаны басталғалы (08.01.2023 ж)  барлығы - 6 айдан 10 ай 29 күн аралығындағы 242 сәбидің 81-і  (33,4%),

- 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы 1605 баладан 1036-сы (64,5%),

- 117 медициналық қызметкердің 99-ы (84,6%) вакцинамен  қамтылды.

- Қалғандары толық қамту иммундау шеңберінде егілді.

Аталған жастағы егілген балаларда вакцинаға байланысты реакциялар мен асқыну жағдайлары тіркелген жоқ.

Әлі де болса қызылшаны тоқтату мақсатында барлық ата-аналарды балаларының денсаулығы үшін саналы түрде жауапкершілікті сезініп, аурудың өршуін болдырмау мақсатында жүргізіліп жатқан қосымша жаппай иммундау жұмыстарына бірге атсалысуға шақырамыз. Өйткені қызылшаға қарсы вакцинация аурудан, оның асқынуларынан қорғайды, алынған әр қосымша доза иммунитетті күшейтеді.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы түрде екпе ең алғаш балаларға 12-15 айлығында, екінші вакцина 6 жасында егіледі. Қызылшаға қарсы қосымша екпелер эпидемиологиялық көрсетіліммен ошақта науқаспен байланыста болғандар, оның ішінде қызылшаға қарсы егілмеген немесе егілуі туралы мәліметі жоқ, осы аурумен ауырмаған 30 жасқа дейінгі адамдар 72 сағат ішінде егіледі.

Ауданымызда да қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып отыр. Аудан бойынша 2023 жылдың 28 тамызы мен 2024 жылдың 8 қаңтары аралығында алғашқы диагнозы бойынша қызылшаға күдікті 110 жағдай тіркелді. Сырқаттанушылық жағдайы апта сайын тіркелуде. Олардың ішінде 53 жағдайда қызылша зертханалық жолмен дәлелденді. Ауылдық округтер бойынша: Аққыстау-56, Қамысқала-11, Жанбай-15, Тұщықұдық-10, Исатай-6, Зинеден-3, Нарын-9 адам.

Зертханалық жолмен дәлелденген жағдайлар бойынша: жас ерекшеліктеріне қарай: 14 жасқа дейінгі балалар – 37 жағдай (72,7%), ересектер – 21 жағдай (27,2%).

Қызылшаның асқынуы өте қауіпті. Атап айтсақ, энцефалит, соқырлық, кереңдік, пневмония жағдайлары болуы мүмкін. Ең қорқыныштысы, қызылшамен ауырған бала сауығып шыққандай болып көрінгенімен, вирус организмде  сақталып, 5-6 жылдан кейін склерозды панэнцефалитті (мидың зақымдануымен өлімге әкелетін ауру, психикалық деградация мен құрысуларды тудырады) тудыруы ықтимал.

Сондықтан екпе алудан қорықпай, індеттің одан әрі таралуына жол бермеу үшін иммундаудан өту арқылы аурудың алдын алған жөн.

 

 

Бақытгүл ҚАРТМАҒАНБЕТОВА,

           аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы                                    

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT