Қарашаның 4-і күнгі Исатай аудандық орталық аурухананың мәжіліс залында өткен аталмыш кеңестің кезекті басқосуына да себепші болды.
Оның күн тәртібіне «2021 жылдың тоғыз айы қорытындысымен жұқпалы аурулардың алдын алуда екпемен қамту, тұмау және коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары туралы» мәселе қойылды.
Аудан әкімінің орынбасары, кеңес төрайымы Н.Абежан ашып, жүргізіп отырған мәжілісте күн тәртібіне шығарылған мәселеге орай аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Б.Қартмағанбетова хабарлама жасады. Баяндамашы негізінен аудан бойынша екпе жұмысын ұйымдастыруда жіберіліп отырған кейбір кемшіліктерге, екпемен қамтудың төмен деңгейін беріп отырған емдеу мекемелеріне тоқталды.
Мәжіліс барысындағы көтерілген мәселеге орай емдеу мекемелерінің аға дәрігерлері, сондай-ақ, жалпы телімдік дәрігерлер де тыңдалды.
Адамның өмірімен өзектес мәселе қараған кеңестің хаттамалық тапсырмалары да алынды. Онда мақсатты топтағы балаларды профилактикалық екпемен ай сайын кемінде 7,9-8,3 пайызға және жылдың қорытындысымен 95-100 пайыз қамту, жұртшылық арасында иммундау мәселелері туралы санитарлық ағарту жұмыстарын кеңінен жүргізу, тұмауға қарсы екпе алатын адамдардың жоспарын толықтырып, екпемен қамтуды 10 қарашаға аяқтау тапсырылды.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР