Осыдан 40-50 жыл бұрынғы бүгінгі жас ата-аналардың ата-анасына қызылша дифтерия, сал ауруларының қауіптілігін, оған қарсы вакцина алудың маңыздылығын түсіндіріп жатудың керегі жоқ еді. Өйткені омы жұқпалардан балалар өлімі көп болды. Немесе шұғыл түрде дамыған сал (полиомиелит) ауруынан аяғын баса алмай қалу болды.
Ал аса қауіпті оба, холера, шешек ауруларынан эпидемия кезінде адамдар қалай жаппай өлгені туралы тарихтан белгілі. Ал осы жұқпалы аурулардың алдын алу тек екпе жүргізу арқылы ғана. 1980 ж әлемде шешек ауруын осылай жойған. Ал қазір екпе арқылы басқарылатын аурулар қайта бас көтеріп отыр. Себебі ол ауруларға қарсы екпеден бас тарту көбейіп кетті. Біздің ауданда да 2010 жылдардан басталды. Яғни ұжымдық иммунитет жойылып барады. Оның үстіне қозғалыс көп. Қалада жұмыс істейтіндерді айтпағанда көптеген балаларымыз да қазір Атырауда, басқа қалаларда оқиды. Яғни қарым-қатынас көп. Не нәрсені де жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан балаларымызға салауатты өмір салтымен қатар уақытымен екпесін алудан бас тартпайық. Қалай дегенде де екпе баланы аурудан қорғайды.
Өз тәжірибемізде 1990-2000 жылдары сары ауру - гепатит А өте көп болатын. Жыл сайын сабақ басталғанда мектептерде сары аурудың вспышкасы (шұғыл өсуі) болады, 300 жағдайға дейін барады. Аурухана жұқпалы аурулар бөлімшесіне сыймайды, эпид стационар ашамыз қосымша. Балалар денесі, көзі сап сары болып бауыры ісіп көтере алмай жатады. Қанша шара - қайнаған су режимі, құдықтарды тазалау, су құбырларын, сан қондырғыларды дезинфекциялау т.б нәтиже бермеген. 2002 жылдары Үкіметіміз арнайы қаржы бөліп осы гепатит А қарсы вакцинаны сатып алып 2 жастан балаларға тегін екпе жүргізіле бастады. Содан бері қанша жыл ауданда сары ауру мүлде тіркелмейді. Міне екпенің пайдасы.
Исатай аудандық санитариялық -эпидемиологиялық бақылау басқармасының инспекторы Шакесова Өзихан Габбасовна