Гүлнар - жергілікті тұрғындардың алғысына бөленіп жүрген жан

Міндеті мен жүгі ауыр болып келетін мамандық иесі– мейірбике. Оның жұмысы қиын әрі тірлігі қауырт. Науқастың саулығына дәрігерден кем қарамайтын денсаулық жанашырлары сырқаттанған адамның келіп түскенінен бастап сауығып, аяғына тік тұрып кеткеніне дейін еш аянбай қызмет етеді. Осы орайда науқастардың талап-тілектерін алғашқы орынға қойған, адамгершілік пен мейірімділікті алға тартқан мерейлі мейірбикенің бірі Мұхамбетова Гүлнар Райханқызы.

 

Медицина саласына жиырма үш жыл уақытын арнаған ақ халатты абзал жан.

 Халықтың алғысына бөленіп жүрген қамысқалалық медбике 1998 жылы Атырау медицина колледжіне түсіп, 2001 жылы оны ойдағыдай тәмамдады. Сол жылдан бастап Қамысқала дәрігерлік амбулаториясында алғаш еңбек жолын бастады. Бала күнгі арманы бірте-бірте жүзеге асып келеді.

Жалпы біз кез келген орын алған жағдайға дайын болуымыз қажет. Біз үшін әр секунд маңызды,- дейді ол бізбен әңгімесінде.

Гүлнар үшін медбикенің басты міндеті – әрбір емделушіні жеке тұлға ретінде қабылдау. Сол жеке тұлғаның құқығын, ар-намысын сыйлай білу. Сырқаттармен тікелей қарым-қатынаста болғаннан кейін олармен тіл табыса білу басты па- рызы екенін де тілге тиек ете кетуді ұмытпады.

-«Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген сөз бар ғой. Тура сол сияқты науқаспен де жылы сөйлессең, ол саған ашыла бастайды. Ал медбикенің ең алғашқы міндеті - науқастардың тілін таба білу. Оған қоса, ол медбикенің бойынан адамгершілік, жауапкершілік, мейірімділік секілді қасиеттер болуы керек дейді. Әр науқасқа өзінің ата- анасындай қарайтын Гүлнар – қазір жергілікті тұрғындардың алғысына бөленіп жүрген мейірімді жан.

-Ауылымызға Гүлден атымен та- нымал жанашыр медбикенің жақсылығын айтып жеткізу мүмкін емес. «Ауызын ашса, жүрегі көрінетін» ақкөңіл адам. Қамысқала ауылының жетпіс пайызы Гүлденнің қолының жеңіл екенін жиі айтып отырады. Қашанда қандай жағдай болма- сын бір ауыз сөзіңді жерге тастамай үнемі көмектесуге дайын отырады. Ауруханаға барған сәттен бастап алдыңнан жылы жүзімен қарсы алып, есіктен шыққанша амандық -саулығыңды сұрасып жатады. Кішкене қызулап немесе кішкентайларымыз ауырып қалса, бірден Гүлденге қоңырау шаламыз. Уақытқа қарамай, күн-түн демей көмекке келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме? Жасаған жақсылығы көп. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Үлкен алғысымды айтамын. Отбасы аман, дені сау болсын,-дейді ауыл тұрғыны Қарлығаш Екпінтайқызы.

Ұзақ жылдық тәжірибесі бар маман ретінде ізін жалғап келе жатқан өзінен кейінгі буынға айтары да бар екен.

- Қазіргі кез жаңа технологияның дамыған заманы. Тура сол сияқты медицина да уақыт өткен сайын жаңарып отырады. Сондықтан болашақ мамандар заман талабына сай еңбек етіп, өз ісін жақсы меңгерулері керек. Сонымен бірге әр адам өзінің таңдаған мамандығын жақсы көрсе, онда ол адамнан жақсы маман шығады деп ойлаймын,-дейді ол сөзінің соңында.

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT